«Оқиғаның соңын бағу керек. Ескерткіштердің дамуы жөніндегі көркемдік кеңестің бірінші отырысы ғана өтті. Ескерткішті орнатпастан бұрын комиссия өзінің келісімін беруі тиіс. Бірақ, менің ойымша, олар ескерткішке орамал таққан блогерлерге қарағанда оптимистік көзқарас танытып отыр. Комиссия мүшелерінің көзқарасы бойынша, анау айтқандай бұзушылық жоқ. Мен аздап сабырлық танытуды сұраймын және кеңестің қорытынды шешімін күтейік», - деді министр.
А.Мұхамедиұлының сөзі бойынша, егер кеңес мүшелері ескерткіштің тұрпаты жөнсіз деп тапса, ол едәуір өзгерістерге ұшырайды.
«Бұл комиссияның бірінші отырысы ғана өтті. Қазіргі уақытта біз ескерткіш авторының ұсыныстарын күтіп отырмыз. Барлығы жіті зерделенеді, басқа мамандардың пікірі де сарапқа салынады. Алайда мәселе оңай емес», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі.
Оның сөзі бойынша, егер ескерткіш талапқа сай болмай шықса, онда Қазақстандағы барлық ескерткіштер ревизиядан өтпек.
Еске сала кетейік, Астана орталығында орналасқан «Ғашықтар» атты ескерткіш елорданың кейбір тұрғындары арасында үлкен дау туғызды. Ол кейін халық арасында әлеуметтік желіде қызу талқыға да салынды. Жекелеген блогерлердің ойынша, ескерткіштегі қазақ қызының образы тым жеңілтек көрінеді. Айта кеткен жөн, ескерткіш 2005 жылы орнатылған болатын.