Арнайы комиссия Алматы әуежайында болған оқиғаның себебін анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде құрылған комиссия 2017 жылдың 9-желтоқсаны күні Алматы әуежайында «Air Astana» АҚ-на қарасты Boeing-767-300ER әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаға қатысты жұмысын аяқтады. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл оқиғаны объективті түрде тергеу мақсатында Мемлекетаралық авиация комитетінің ұшу қауіпсіздігін ғылыми-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі сарапшылары талдау жасады.

Боинг-767-300ER әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаны тергеу қорытындысы бойынша оқиғаның орын алуына экипаждың талапқа сай әрекет етпеуі себеп болып отыр. Атап айтқанда, көлікті бұрып болған соң қозғалтқыштың жұмыс режимінің жоғары айналымын жөнсіз көтеру мен екпінді режимде жұмыс істеп тұрған (39,5%) қозғалтқышпен тежегішті бір уақытта дұрыс қолданбау ұшақтың екпінін күшейтуге алып келген. Сонымен қатар, ұшар алдында диспетчердің ақпаратына назар аудармау да жайсыз оқиғаға себеп болған.

Сондай-ақ, ұшу үшін аэродром минимумын білмеуі, әуе кемесінің кабинасында операторлық қызметке назар аудармай, диспетчермен қажет болмаса да көп сөйлесу, ұшар алдындағы дайындықтың сапасыз болуы әуек көлігін дұрыс басқару ісіне кедергі болған.

Тергеу комиссиясы алдағы уақытта осындай авиациялық оқыс оқиғалардың алдын алу, болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасындағы әуе кемелерін пайдаланушыларға ескерту шараларын ұсынды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылдың 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеу Ержесіне сәйкес, жоғарыда аталған авиациялық оқиғаға байланысты 2017 жылдың желтоқсанында Комиссия құрылып, тергеу жүргізілді.