Батыс Қазақстанда бұдан бұрын инсулинге тәуелді балаларға қатысты дәрі-дәрмектің уақтылы жеткізілмей отырғаны туралы ата-аналар облыстық денсаулық сақтау басқармасына келіп, шағымданған болатын. Сонымен қатар қатерлі ісік, эпилепсия сияқты аурулармен науқастанатын тұрғындарға да дәрі-дәрмектің жетіспей отырғаны сөз болған еді.
Брифингке қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова дәрі-дәрмекке байланысты мұндай жағдайдың қалыптасу себептерін түсіндірді.
Оның айтуынша, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрі-дәрмекпен қамту орталықтандырылған түрде «СК-Фармация» ЖШС арқылы жүргізілетін болып шешілді. Осыған орай заң мен заңдық актілердің қабылдануына байланысты 2018 жылға сатып алу рәсімдері әдеттегіден кеш өтті.
Жағдайдың күрделенуіне байланысты өткен жылғы желтоқсанда Үкімет дәрі-дәрмек сатып алу ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде шешім қабылдады. Бұл «СК-Фармация» мекемесіне 90 күндік қажеттілікті бір көзден сатып алуға мүмкіндік береді.
«Барлығы елудей тендерлік өтініш қаралды, қазір де түсіп жатыр. Тендерлік комиссия тезірек қорытынды шығарып, өнім жеткізушілермен бағаны төмендету бағытында келіссөз жүргізу үшін демалыссыз жұмыс жасады. Біз қазірдің өзінде бірыңғай дистрибьютор тізімін жасауға кірістік. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тізім биылғы 1 маусымға дейін бекітілуі тиіс. Содан кейін медицина ұйымдарынан жиналған барлық өтініштер негізінде бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмек сатып алуды бастайды. Алдағы жылы іркілісті болдырмас үшін сатып алуды шілде-тамыз айларында өткізу көзделуде», деді комитет төрайымы.
«СК-Фармация» басқарма төрайымының міндетін атқарушы Шария Исмұханова қазіргі таңда бірыңғай дистрибьютор тізімі бойынша 1040 түрлі дәрі-дәрмек құралдарының сатып алынғанын жеткізді. Бұл - медицина ұйымдары қажеттілігінің 95 пайызы. Тізімде барлығы 1192 дәрі-дәрмек бар.
Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында күні бүгін барлық керекті дәрі-дәрмек бар. Қаңтар, ақпандағы қажеттілік бойынша дәрі-дәрмек толық жөнелтілсе, наурыз айындағысын дәріханаларға, одан емделушілерге жіберу жалғасуда.
Брифингте мәлім болғанындай, Денсаулық сақтау министрлігі әр өңірде дәрі-дәрмектің емделушілерге жеткізілуін қадағалайтын мониторингтік топ құрды. Мониторингтік топ тексеру жүргізген кезде емделушілердің 86 пайызы ғана тиісті дәрі-дәрмекке қол жеткізгені анықталды. Дерекқорда емделушінің дәрі-дәрмекті алғаны көрсетілсе де, шын мәнінде оның қолына тимеген жағдайлар кездесті. Сондықтан толық, жан-жақты тексеру жүргізу мақсатында арнайы топ бір ай көлемінде Батыс Қазақстаннан бастап барлық облыста болмақ. Содан кейін нақты қорытындысы хабарланады.
20:55, 30 Наурыз 2018
Арнайы комиссия дәрі-дәрмек жетіспеушілігінің себептерін анықтайтын болады - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Арнайы комиссия дәрі-дәрмек жетіспеушілігінің себептерін толық анықтайтын болады. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.