Арнайы комиссия Іле Алатауында дауыл құлатқан ағаштардан тазарту учаскелерін анықтайтын болады

None
АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ауыл шаруашылығы министрлігі Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғат паркін ағымдағы жылдың 17 мамыры күні дауыл құлатқан ағаштардан тазарту жұмыстарын жүргізуде.

Осы жұмыстарды атқару мақсатында құрылған комиссия 5 қыркүйекке дейін құлаған ағаштарды тазартуға болатын учаскелерді анықтайды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.

Мәліметтерге сүйенсек, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде жалпы көлемі 480 гектар орман ағаштары құлаған. Дауыл мен желдің салдарынан келген залал 139,8 млн. теңгені құрап отыр. Ал құлаған ағаш учаскелерінің барлығы дерлік қиын жерлерде орналасқан, бұл беткейдің қия жерлері солтүстік жағында 30 градустан 45 градусқа дейін жетеді.

«Еңбек қауіпсіздігі стандарттарының жүйесі. Ағаш дайындау жұмыстары. Қауіпсіздік талаптары» мемлекетаралық стандартына сәйкес тау беткейлерінде құлап жатқан ағаштарды бұтарлауға болмайды және ылдида ағаштарды қол және моторлы арамен құлатуға жол берілмейді. Осы стандартқа сәйкес 30 градустан асатын ылдидағы кеспе ағаштарды сүректі тікұшақтармен тасымалдау көзделеді. Дауыл мен жел құлатқан ағаштардың орнын тазарту жұмыстарын жүргізу жаз кезінде тік тау беткейлерінде құнарлы топырақ қабатының сыдырылуына, мұның топырақ эрозиясын туғызуына байланысты қиындап отыр. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Төтенше жағдайлар мнистрлігі мен Қазселқорғау өкілдерін қатыстыра отырып, арнайы комиссия құрған болатын. Комиссия 5 қыркүйекке дейінгі мерзімде құлаған ағаштарды дәстүрлі тәсілмен тазартуға болатын учаскелерді, тікұшақтарды пайдаланып тазартуға болатын учаскелерді және қауіпсіздік техникасының шарттары бойынша тазарту мүмкін емес учаскелерді анықтайды», - делінген баспасөз айғағында.

Қазіргі кезде Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркін дауыл құлатқан ағаштардан тазарту жұмыстарына 416 адамнан тұратын 37 бригада, оның ішінде бұтақтар шабумен айналысып жатқан ҚР ТЖМ батальонының 175 адамы, Іле Алатауы паркінің 36 адамы және 205 ағаш дайындаушылар жұмылдырылған. 119 машина жұмыс істеуде.