Арнайы операция аясында ҚР мен РФ аумағында 257 кг героин және 44 кг гашиш тәркіленді

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - 2012 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы ҰҚК және Ресей Федерациясының Есірткіні бақылау бойынша федералдық қызметі (ФСКН) Қырғызстаннан Қазақстан арқылы транзитпен Ресейге жол тартатын есірткі трафигінің «солтүстік бағыты» бойынша ауған героинін жеткізу арнасын ұйымдастырған трансұлттық есірткі құрылымы іс-қимылының жолын кесу бойынша «Транзит» деген шартты атаумен көп бағытты халықаралық операцияны іске асырды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, операцияның бірінші кезеңі аясында есірткі бақылау органдары Кемерово қаласында ішінде 83,5 кг героин бар көкөніс өнімдерін артқан жүк автомашинасын ұстады, есірткілерді алушы Қырғызстан азаматының тұрғылықты жері бойынша 9 кг астам героин тәркіленді.

«Транзит» операциясының екінші кезеңі барысында Қазақстанның арнайы қызметі Қарағанды облысы аумағында Қазақстан азаматы жүргізіп келе жатқан автокөлікті ұстады. Оны тексеру кезінде пияз салынған жеке қаптардан скотчпен оралған 103 полимерлік пакет, сондай-ақ ішіне 164,5 кг героин мен 44 кг гашиш салынған 504 пияз (әр пиязға 200 гр дейін героин салынған) табылып, тәркіленді.

Барлығы «Транзит» бірлескен халықаралық операциясының аясында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы аумағында 257 кг героин және 44 кг гашиш тәркіленді.

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары 2012 жылы Ресей, Қырғызстан және Қытай арнайы қызметтерімен бірлесіп 9 халықаралық операцияны іске асырды, жеке өздері 63 халықаралық есірткі арнасының және 24 есірткі тобының жолын кесті, заңсыз айналымнан 4,09 тонна есірткіні шығарды, соның ішінде 290,5 кг героин бар. Республиканың заңсыз есірткі нарығының орташа бағасы бойынша тәркіленген есірткілердің құны 1,9 млрд. теңгеден асады.