Оның қорытындылары бүгін Астанада «Жемқорлыққа қарсы сараптама: қоғам мен Үкіметтің серіктестігін нығайту» атты дөңгелек үстел жұмысы барысында шығарылды.
Бұл жоба Орталық Азияның Еуразия Қорының бастамасымен жасалды. Оған Қазақстандағы Финляндия Елшілігі қаржы бөлген болатын. Жобаның негізгі орындаушысы - Тәуелсіз жемқорлыққа қарсы күрес кеңесі. Кеңес былтыр наурыз айында жасақталған болатын. Жоба аясында Кеңес мүшелері, азаматтық қоғам мүшелері, сарапшылар көктем айларында Финляндия, Эстония, Молдова, Грузия елдеріне сапар жасап, олардың жемқорлықпен күрес шараларын бағамдап қайтқан болатын. Сапардың негізгі мақсаты - аталмыш елдердің жемқорлықпен және парақорлықпен күрес саласындағы алдыңғы қатарлы әдістері мен тәжірибелерін зерттеп, олардың бұл тиімді тәжірибелерін Қазақстан жағдайына бейімдеу, оларды отандық үлгіге енгізу.
Тәуелсіз жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшесі, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зауреш Батталованың айтуынша, жемқорлық санын азайту үшін Қазақстан заңнамасын жетілдіру қажет. Зерттеу барысында осындай негізгі ой түйілген.
«Жемқорлықпен құр күресу жеткілікті емес, ең бастысы оның себептерімен күресу қажет. Халықаралық қауымдастық өкілдерімен анықталғандай, заңнаманың шикілігі - Қазақстандағы жемқорлықтың негізгі себептері болып отыр. Себебі ол заңдар кейбір мемлекеттік орган қызметкерлеріне заңдағы олқылықтарды, шикіліктер мен толымсыз нормаларды пайдаланып, жемқорлық әрекеттерге бой алдыруына жол береді»,-дейді ол.
Соған орай, кеңес мамандары Қазақстандағы заңдар жемқорлыққа қатысты сараптамадан өтуі тиіс деп есептейді. Тәуелсіз жемқорлыққа қарсы күрес кеңесі аталмыш жоба аясында республиканың тұрғын үй шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы заңнамаларды осындай сараптаудан өткізген. Олардың нәтижелері дөңгелек үстел барысында, күннің екінші жартысында жарияланды.