«Арселлор Миттал» әкімшілігі әлеуметтік шиеленісті қоздыратын шешімдер қабылдап жүр - А. Рау

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Арселлор Миттал» әкімшілігі әлеуметтік шиеленісті қоздыратын шешімдер қабылдап жүр. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі кәсіподақтарды жетілдіру мәселесіне арналған конференция барысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау осындай пікір білдірді.

«Арселлор Митталда» разрядтар арасындағы айырмашылық тиын-тебенді құрайды. Мұндайда шындығында, өзінің жұмысын жақсартып, біліктілігін арттырғанның орнына шу көтеріп, біреудің тамағынан ала жүгірген, әрине оңай», - деді А.Рау.

Бұдан бөлек, вице-министр жұмыскерлер ғана емес, кәсіпорын әкімшілігі тарапынан да дұрыс қадам жасалмайтынын алға тартады.

«Жалпы, «Арселлор Миттал» туралы айтатын болсақ, кейде маған оларға шиеліністің болып тұрғаны, кәсіпорындағы жұмысшылардың қобалжыған көңіл күйі ұнайтын тәрізді болып көрінеді. Кейде ештеңе болмай қалса, оны ойлап табу керек болып тұратын тәрізді оларға. Мәселен, соңғы, былтырғы жаздағы шуды алсақ, онда да олар «үнемдейік, кесейік» деп бәрін бүлдірді. Аз ғана қаражатты үнемдеу үшін жұмысшылар балаларының жазғы демалысын субсидиялауға бағытталған қаражатты немесе 13-і айлықты алып тастау туралы мәселе көтерді, осы ұжым тарапынан жағымсыз реакция тудырғаны есте. Тіпті, кейде «13-і айлықты қысқартамыз, не жұмысшыларды қысқартамыз» деп шектен шықты», - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, мәселе үнемделетін 30 млн. теңге шамасындағы субсидия туралы болған еді. Бұнымен қоса, вице-министр кәсіпорындардағы жұмысшылардың біліктілігін арттыру мәселесіне де тоқталды.

«Біз саладағы еңбекақы жағдайына талдау жасадық. Бұл ретте ынталандыру бағытында жағдайдың бәрі бірдей емес екені анықталды. Дегенмен, турасын айтайық, «Қазақмыс» компаниясында кейбір жағдайлар болғанымен, оларда ынталандыру факторы баршылық. Ең бастысы, «Қазақмыс» кәсіпорындарында жұмысшылар өздерінің біліктіліктерін арттыруға мүдделі әрі жоғары жалақы үшін бұған қызығушылық танытып отыр», - деді ол.