Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер Үкімет басшысынан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына инвестор ретінде кімдер тартылатынын сұрады.
«Бұл жайында (инвестор туралы) жақын арада жариялаймыз. Негізгі талап – 3 жылдың ішінде кем дегенде үш млрд АҚШ доллары сомасында инвестиция салу керек. Бірінші кезекте өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, зауыттағы жабдықтарды жаңғырту, өндірісті кеңейту, әлеуметтік міндеттерді орындау, жалақыны толық төлеу ескерілген», - деді Ә.Смайылов.
Бұл тұрғыда ол аталған 3 млрд доллардың 1,3 миллардын бірден салу керек екенін атап өтті.
«Сондықтан осындай маңызды талап қойылып отыр. Бұл салаға тартылатын инвесторда мұндай мүмкіндіктері болуы тиіс», - деді Премьер-Министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртаудың» активін сатып алуға бюджеттен ақша жұмсалмайтынын айтты.