«АрселорМиттал» қоршаған ортаға эмиссия шығаруға рұқсат алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Арселор Миттал Теміртау» металлургиялық кешені жаңа жылда қоршаған ортаға эмиссия шығаруға рұқсат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арселор Миттал» қоғамдық тыңдау негізінде қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алды. Компания бастапқыда шығарындылардың жоғары стандарттарын алуға тырысты. Бұл іске қоғам араласты, оның ішінде министрлік те жағдайды бақылап отырды. Сөйтіп «Арселор Миттал» өз шығарындыларын 210 мың тоннаға дейін қысқартты», - деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова ҚР Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.

Айта кетсек, былтыр жыл соңында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына 5,8 млрд теңге айыппұл салынған еді.

«АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық кешені – Теміртау қаласындағы атмосфералық ауаны ластаушы негізгі кәсіпорын.

Оның ауаны ластаудағы үлесі – 86,4 пайыз.

Жыл сайын «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына экологиялық бақылау жүргізіледі.

«Биылғы 9 айда аумақтық экология департаменті компанияға 7 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша экологиялық заңнаманың бұзылуы фактілері анықталды. Мәселен, бейорганикалық шаң-тозаңдарды нормативтен тыс шығарған, бұрын берілген нұсқамаларды орындамаған және газ шығатын құрылғыларды ұстау бойынша тиімді шаралар қабылдамаған», - деген еді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов.