«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның аглоөндірістік цехындағы өрттің салдары жойылуда

None
ҚАРАҒАНДЫ. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның аглоөндірістік цехында болған өрттің салдарынан 45 жастағы краншы әйел мен 40 жастағы өрт сөндіруші қаза болды, бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.

«2012 жылдың 15 мамырында сағат 14.30-да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның аглоөндірістік цехында домна пешіне шихтаны жеткізіп тұратын конвейердің лентасы өртенді. Өрттің құрбандары бар. «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның 1967 жылғы кран машинсті және №14-інші өрт сөндіру бөлімінің 1972 жылғы өрт сөндірушісі көз жұмды», - делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламасында.

Сонымен қатар, өртті сөндіру кезінде №11-інші өрт сөндіру бөлімінің 32 жастағы өрт сөндірушісі зардап шекті, ол күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Компанияның мәліметіне сәйкес, ол жансақтау бөлімшесінде, жағдайы - ауыр.

«Өрттің таралуы сағат 17.55-те тоқтатылды. Апаттың салдары жойылуда. Қазіргі уақытта құрылғыны салқындату жұмыстары жүргізілуде. Металлургиялық комбинаттың негізгі цехтарында өндіріс (аглоөндіріс, домна және балқыту) апаттың салдары жойылғанға дейін - төмендетілді,  қалған цехтардың жұмыстары штаттық режімде жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Өрттің себептері анықталуда.

«АрселорМиттал Теміртау» басшылығы қаза болған азаматтардың  туыстары мен жақындарына көңіл айтты.