«АрселорМиттал Теміртау» басшылығын тергеу аяқталғанша Қазақстаннан шығармау керек - депутат

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Юрий Жулин «АрселорМиттал Теміртау» шахталарындағы апатқа қатысты мәселе көтерді. Осы орайда ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдарда «АрселорМиттал Теміртаудағы» апаттар қалыпты жағдайға айналды. Тек шахталарда 100-ден астам кенші қаза тапты. Тексерулер тіпті, жүздеген, мыңдаған талаптарды бұзу деректерін анықтамайды. Қайғылы оқиғалар өнеркәсіптегі қауіпсіздік талаптарын қарапайым елемеу салдарынан жиі орын алады. Мәселен, биылғы жазда металлургия комбинаты цехтарының бірінде пештің опырылуы салдарынан болған 4 жұмысшының қазасына осындай жауапсыздық себеп. Бұл жағдай қашанға дейін жалғасады? Қайтыс болған кеншілер мен металлургтердің жақындарына ел қашанғы қайғырып, көңіл айтады?», - деді Ю. Жулин.

Осы орайда депутат мемлекет пен ел азаматтары бұл инвесторға ештеңе қарыз емес екенін қадап айтты. Кәсіпорын жабдықтарының тозуы, апаттар қоғамды алаңдатып отыр.

«Елімізде өлім-жітім төмендеп жатса, «АрселорМиттал Теміртауда» бұл қайғылы жағдайлар саны өсіп келеді. Компанияның жоғары табыс алуы салық жеңілдіктері мен басқа да преференциялар түріндегі тұрақты мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды. Мәселен, 2014-15 жылдың өзінде ғана мемлекеттік қолдау көлемі 50 миллион долларға жуықтады. Осы жылдар бойы Миттал отандық кәсіпорындардан тек пайда алып келді. Мемлекет мүддесін елемей, қабылданған инвестициялық міндеттемелерді жүйелі түрде бұзып отыр. Мұндай көзқарас кәсіпорындар мен жалпы сала үшін теріс салдарға әкелетіні анық», - деді Ю. Жулин.

Оның пайымынша, Үкімет ұлттық және халықаралық заңнамаға сүйене отырып, осы инвестордан өндірісті терең жаңғыртуды, қуаттарды кеңейтуді, жұмысшылардың еңбек және лайықты жалақы құқықтарын, сондай-ақ экология нормаларын сақтауды қатаң талап етуі керек. Бұл үшін қажетті құқықтық негіз бар.

«Алдағы уақытта да «АрселорМиттал» заңдарымызды құрметтемесе және өз міндеттемелерін орындамаса, Үкімет меншік иесін ауыстыру мәселесін нақты түрде шешуге кірісуі тиіс. Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторлардың қызметін қолдау мәселесін шешу қажет», - деді депутат.

Юрий Жулиннің сөзіне қарағанда, мұндай апаттарға қарапайым менеджерлер мен жұмысшылар емес, басшылық жауапты болуы керек. Шахтадағы жарылысты тергеу аяқталғанша, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының топ-менеджментін Қазақстаннан шығармау керек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртауға» кешенді тексеру жүргізуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар