«АрселорМиттал Теміртау» металлургия комбинатындағы өрт құрбандарының саны үшке жетті

ҚАРАҒАНДЫ. 18 мамыр. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның металлургия комбинатының аглоөндіріс цехында болған өрт құрбандарының саны үш адамға жетті.

Қарағанды облыстық ТЖД-нің өртке қарсы және апаттық-құтқару қызметінен хабарлағандай, бүгін таңертең Теміртау ауруханасында комбинаттағы өртті ауыздықтауға қатысқан екінші өрт сөндіруші қайтыс болды.

«Бүгін, таңертеңгі 9:40-та «Өрт Сөндіруші» АҚ филиалы №14 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Роман Балабашин қайтыс болды. Үш тәулік бойы дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады, бірақ, өкінішке қарай, жарақаттары тым ауыр болды», - деп атап көрсетті ведомствоның баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік, 15 мамыр күні сағат 14.30-да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның аглоөндірістік цехында домна пешіне шихтаны жеткізіп тұратын конвейердің лентасы өртенді. Өрттің таралуы сағат 17.55-те тоқтатылды.

Өрттің салдарынан «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның аглоөндірістік цехында жұмыс істеген 45 жастағы машинист және №14-інші өрт сөндіру бөлімінің 40 жастағы өрт сөндірушісі көз жұмды. Ал өрт сөндіру бөлімі қарауылының 32 жастағы басшысы зардап шекті, ол 90 пайыз күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Металлургиялық комбинатта төтенше жағдайдың себептері мен жағдайларын анықтау бойынша арнай мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Адамдардың өлімі бойынша ҚР ҚК-нің 256-бабы 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.

Алдын ала болжам бойынша, өрт ыстық агломераттың конвейерлік лентаға түсуінен орын алған.