«Компанияның ребрендингін жаңа инвестор нақты бекітеді. Біздің пікірімізше, бұрынғы тарихи „Қармет“ атауын қайтару қажет. Мұны қызметкерлер мен тұрғындар да қолдайды деп ойлаймын», — деді Қанат Шарлапаев Үкіметте өткен брифингте.
Айта кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мемлекет меншігіне қайтару келіссөздері аяқталды. АМТ екі кәсіпорнының құны 286 млн долларға бағаланған.
Жаңа инвестор — қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев. Ол 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Allur Group» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы, оның құрамында «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бар.
Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» «Қазақстан халқына» қорына 16 млрд теңге қайырымдылық қаржы аударады. Бұл қаражаттың 50 пайызы Теміртау қаласына және қалғаны Қарағанды облысын дамытуға жұмсалады.