Аршалыда аса ірі көлемде есірткі тәркіленді - Ақмола облысы

None
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 27-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен алынған деректерге сәйкес өткен аптада «Кендір-2010» республикалық алдын алу іс-шарасы барысында Аршалы ауданында аса ірі көлемде есірткі заты тәркіленді.

Шара аясында ауданның Михайловка ауылында күдік түсірген З.есімді 1959 жылғы азаматтың үйіне тексеріс жүргізген кезде жасырылған 75 келі 534,14 грамм марихуана бары анықталған. Тәртіп сақшыларының анықтауы бойынша ол бұрындары да ҚР ҚК-сінің 259-шы бабы бойынша жазасын өтеп келген екен.

Сондай-ақ Бурабай ауданының орталығы Шучинск қаласында жедел алдын алу шарасы барысында 1984 жылғы жергілікті тұрғынның «БМВ» жеңіл көлігіне жасырылған есірткі заты бары белгілі болып, салмағы 1,17 грамм героин тәркіленді. Қазір күдіктінің үстінен ҚР ҚК-сінің 259-шы бабы 1-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.