Артем Кучин Қазақстандағы ҚФФ Төрелік конвенциясының үйлестірушісі болып тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) Төрелік конвенциясы бойынша жаңа үйлестірушісі болып елімізге танымал төреші Артем Кучин тағайындалды, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметі.

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Бұл қызметте ол ҚФФ Төрелік және инспекциялау департаментінен кеткен Арман Есмұратовты алмастырды.

Кучиннің міндетіне отандық футбол төрешілерін дайындау, оқыту және дамыту саласындағы УЕФА стандарттарының сақталуын бақылау кіреді.

Артем Кучин 1977 жылы 15 желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол Премьер-лигадағы дебюттік матчын 2008 жылы 17 маусымда өткізіп, ал 2009 жылы ФИФА төрешісі мәртебесіне ие болды. Кучин Мансабында 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі, УЕФА Еуропа лигасы мен Конференция лигасының матчтарына, Қазақстан Кубогы финалдары мен Суперкубогының ойындарына, U17 және U19 Еуропа чемпионаттарының финалдық турнирлеріне, сондай-ақ УЕФА Өңірлер кубогының финалына төрелік етті.

-Қазақстандық төрешілердің арасында тұңғыш рет Еуропа лигасы топтық кезеңінің матчтарын басқару дәл осы Кучинге сеніп тапсырылды, бұл отандық төрелік ету саласы үшін маңызды белес болды,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Густаво Парадеда «Қайрат» футзал клубының тізгінін ұстағаны туралы жаздық.