ArtSport бағдарламасы бойынша жезөкшелер мен сутенерлер жұмыс істеген - Мәжіліс депутаты
Бүгін Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ArtSport бағдарламасын жетілдіру мәселелері қаралды.
Жиын барысында депутат Нартай Сәрсенғалиев келесі мәселені көтерді.
«Еліміздің 6 өңірінде ArtSport бағдарламасы бойынша притон ұйымдастырғаны үшін сотталған адамдар жұмыс істеген. Еліміз бойынша осы секілді 20 факті тіркелді. Бұрынғы жезөкшелер мен сутенерлер қалайша балалармен жұмыс істеді? Мемлекеттік органдар қайда қарады? Осы жайттан кейін балалармен психологтар жұмыс істеді ме? Балаларға оларды бұрынғы қылмыскерлер жаттықтырғанын қалай түсіндіреміз? – деген сауал жолдады депутат.
Сауалға Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің аға прокуроры Дулат Әшірбеков жауап берді.
«Еліміз бойынша ұйғарымдармен 38 акт шығарылды. Мәдениет және спорт министрінің орынбасары өз еркімен жұмыстан шықты. Сонымен қатар аталған фактілер бойынша комитет басшысы жұмыстан босатылды. Өңірлерге келсек, Алматы, Шымкент, БҚО, ШҚО, Қарағанды және Маңғыстау облысы бар. Алматы мен Шымкентте олар қазір жұмыс істемейді, ал басқа өңірлер бойынша ақпарат сұратамыз», - дейді ол.