АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық Артур Шушеначев Алматының «Қайратынан» израильдік «Хапоэль» (Беэр-Шева) командасына ауысты.
«Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қос команда 25 жастағы шабуылшының трансфері бойынша келісімге келген.
«Тараз» футбол клубының түлегі Артур «Қайратқа» 2017 жылдың көктемінде қосылып, сол маусымда негізгі команда сапында алғашқы матчын өткізді. 2018 жылы командамен бірге Қазақстан кубогін жеңіп алды. Ал 2020 жылы «Қайрат» құрамында Қазақстан чемпионы атанды.
2021 жылы ол еурокубоктің топтық кезеңінде дебют жасады. Қазақстан кубогінің финалында шешуші гол соғып, команданың аталған трофейді екінші рет жеңіп алуына көмектесті. Сол жылы барлық ресми матчта 23 гол соғып, қазақстандық футболшылар арасында үздік сұрмерген атанды.
А.Шушеначев «Қайрат» сапында барлығы 128 матч өткізіп, 45 гол соғып, 9 нәтижелі пас берді.
Transfermarkt мәліметіне қарағанда, Артур Шушеначев «Қайраттан» 500 мың еуроға сатып алынған.
Ол 2021 жылдан Қазақстан ұлттық құрамасына шақырыла бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).