Әртүрлі көліктің технологиялық біртұтастығын қамтамасыз ететін орталықтар құру қажет - депутат

Фото: Фото: Александр Павский/МИА "Казинформ"

АСТАНА. KAZINFORM – Әртүрлі көлік түрлерінің технологиялық біртұтастығын қамтамасыз ететін көлік-логистика орталықтарын құру қажет. Бұл туралы Мәжілістегі елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов айтты.

- Тасымалдарды контейнерлер арқылы жүзеге асырудың әлемдік өсу үрдісін ескере отырып, контейнерлік, мультимодальдық тасымалдарды жан-жақты дамытып, әртүрлі көлік түрлерінің технологиялық біртұтастығын қамтамасыз ететін көлік-логистика орталықтарын құру қажет. Өздеріңізге белгілі, Парламент биыл Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімдерді қабылдады. Осы келісімдер екі елдің аумағы бойынша контейнерлік пойыздар үшін экспорттық-импорттық, транзиттік тасымалдарды ұлғайтуға бағытталған, - деді ол.

Мәжіліс депутаты осыған байланысты Үкімет Транскаспий халықаралық көлік бағытының бүкіл ұзындығы бойынша учаскелердің өткізу қабілетін арттыру жөніндегі іс-шаралардың уақтылы іске асырылуын бақылауға алуы қажет деп санайтындығын баса айтты.

- Президенттің тапсырмасы бойынша 4 ірі теміржол жобасы іске асырылуда. Олар: «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісі. Бүгінгі таңда 3 жоба бойынша белгіленген мерзімде жұмыстар жүргізілуде. Алайда, ұзындығы 297 шақырым болатын маңызды инфрақұрылымдық теміржол жобасының бірі - «Бақты – Аягөз» жобасының құрылысы өте баяу. Онда геологиялық жұмыстарды бастауға дайындық қана жүргізілуде. Бұл жобаның маңызы өте зор, өйткені ол Қытай мен Қазақстан арасындағы өткізу қабілетін қосымша 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан осы жобаның құрылыс қарқынын жеделдетіп, оны белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде шаралар қабылдау қажет, - деді Нұртай Сабильянов.