АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 664-ракеткасы Аружан Сағындықова Астана ITF W15 турнирінің финалына шықты.
Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген 21 жастағы Аружан жартылай финалда рейтингіде 1 006-сатыдағы таиландтық Камонван Йодпетчпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 7:5 есебімен басым түсті.
Екіншісінде таиландтық спортшы дәл осындай есеппен есе қайырды — 7:5.
Үшінші, шешуші сетте А.Сағындықова жеңісті жұлып алды — 6:4.
Аружан Сағындықова финалда әлемнің 488-ракеткасы, ресейлік Екатерина Маклаковамен бас жүлдені сарапқа салады.
Жұптық сында қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова — Іңкәр Дүйсебай финалда ресейлік Мария Шолохова — оңтүстіккореялық Гаыль Чжанға есе жіберді — 4:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Астана турнирінің финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).