АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 958-ракеткасы, 20 жастағы Аружан Сағындықова Луань (Қытай) ITF W15 турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық спортшы финалда әлемнің 797, осы жарыстың 5-ракеткасы, 19 жастағы ресейлік спортшы Мария Калякинамен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда Аружан 6:4 есебімен басымдық танытты. Екінші сетте де Сағындықова дүниежүзілік рейтингіде өзінен әлдеқайда жоғары тұрған қарсыласының мысын басты – 6:3. Осылайша, екі партияда қарсыласын сан соқтырған қазақстандық теннисші чемпиондық тұғырға көтерілді.
Бұл жеңісінен кейін Аружан алдағы дүйсенбіде жаңартылатын WTA рейтингісінде жоғары көтерілері анық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аружан Сағындықованың Қытайдағы турнирдің финалына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ белоруссиялық теннисші екінші жыл қатарынан АҚШ чемпионы болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).