Аружан Сағындықова Қытайдағы турнирдің финалына жолдама алды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, дүниежүзілік рейтингіде 958-орында тұрған 20 жастағы Аружан Сағындықова Луань (Қытай) ITF W15 турнирінің финалына шықты.

Аружан жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, соның бәрінде жеңіске жетті.

Сағындықова жартылай финалда рейтингіде 1 059-орында тұрған, 20 жастағы қытайлық теннисші Янань Хоуды қапы қалдырды.

Бірінші партияда корт иесі бет қаратпады – 6:0. Бұдан кейін Аружан камбэк жасап, екі сетті өз есебіне жазды – 6:3, 6:2.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 797, осы доданың 5-ракеткасы, 19 жастағы ресейлік спортшы Мария Калякинамен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Аружан Сағындықова жұптық сында Асылжан Арыстанбековамен бірге жартылай финалға дейін жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының әлемнің 1-ракеткасына жол бергенін жазған едік.