АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Аружан Сағындықова Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF W15 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Дүниежүзілік рейтингіде 1 040-орында тұрған қазақстандық теннисші бастапқы кездесуінде әлемнің 656-ыншы, осы жарыстың 5-ракеткасы, ресейлік Алиса Кюммельдің меселін қайырды.
Екі сағат 12 минутқа созылған тартысты матчта Аружан камбэк жасап, қарсыласын 1:6, 6:2, 6:4 есебімен жеңді.
Бүгін А.Сағындықова германиялық Ясмин Вагнердің мысын басты - 6:3, 6:3. Бұл кездесу бір сағат 38 минутқа созылды.
Енді Сағындықова жартылай финалға шығу үшін оңтүстіккореялық Эюнхай Лимен таласады.
Бір апта бұрын Аружан Шарм-эль-Шейхтегі дәл осындай доданың ширек финалына дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина қатысатын WTA қорытынды турнирінің жеребесі тартылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).