АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Аружан Сағындықова жұптық сында Шымкент ITF W15 турнирінің финалына шықты.
Жарыстың 3-ракеткалары Аружан Сағындықова мен ресейлік Элина Неплий финалға барар жолда үш кездесуін сәтті өткізді.
Аружан мен Элина жартылай финалда, доданың 2-ракеткалары, ресейлік Ксения Ласкутова – германиялық Франциска Цидатпен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-ресейлік жұп қарсыластарын 7:6 (7:3), 6:3 есебімен тізе бүктірді. Біршама тартысты өткен бәсеке сағат жарымнан астам уақытқа созылды.
Аружан Сағындықова – Элина Неплий финалда турнирдің 1-ракеткалары, ресейліктер Екатерина Маклакова – Анна Урекемен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Григорий Ломакиннің Қытайдағы турнирдің финалына жолдама алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).