Испанияның Севилья қаласында 7-12 қараша аралығында өтетін командалық әлем чемпионаты – Billie Jean King Cup финалдық кезеңіне алғаш рет қатысатын Аружан Сағындықова өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
Аружан Сағындықованың айтуынша, Севильяға 3 қараша күні ұшып келіп, 4-інен бастап жаттығуларын өткізген.
«Біз ауа райына үйреніп, кортқа бейімделдік. Биылғы сәуір айында ұлттық құрама сапында алғаш рет өнер көрсетіп, Польшаны жеңгеннен кейін финалдық кезеңге жолдама алдық. Команда капитаны Ярослава Шведоваға алғысым шексіз, оның сенімін ақтап, құрамаға ұпай әперуге тырысамын. Аустралия мен Словениямен матчтың өте қиынға түсетіні анық. Кездесулерді жақсы бастап, жеңіске жету үшін дене дайындығымен қатар, психологиялық тұрғыда күшті болу қажет. Словения бастапқы матчта Аустралияны ұтып, күтпеген нәтижеге қол жеткізді деуге болады. Бұл командалық додада осал қарсыластың жоқ екендігін көрсетеді. Сондықтан қай ойында да бар күшімізді салатын боламыз», деді А.Сағындықова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жылдың қорытынды турнирінен кейін Елена Рыбакинаның рейтингтегі орны анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).