АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 21 жастағы Аружан Сағындықова жұптық сында Ахмедабад (Үндістан) ITF W15 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген А.Сағындықова ресейлік Мария Головинамен бірге бастапқы кездесуін үндістандықтар Кашиш Бхатия – Пуджа Ингалемен өткізді.
Қазақстандық-ресейлік жұп корт иелерін тас-талқан етіп ұтты – 6:1, 6:1.
А.Сағындықова – М.Головина жартылай финалға шығу үшін таиландтықтар Лунда Кунхом – Танучапорн Йонгмодпен таласады.
Қазақстандық теннисші жекелей сында осы дүйсенбіде жаңартылған әлемдік рейтингіде 846-дан бірден 794-орынға көтерілген еді. Дегенмен Аружан Ахмедабадта жекелей сында жолы сәтті болмай, алғашқы айналымда рейтингіде 834-сатыдағы жапониялық Хонока Кобаясиге есе жіберді – 6:7 (4:7), 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Қытайдағы турнирде Олимпиада чемпионын ұтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).