Арық құбырына кептеліп қалған 2 жасар бала құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның Ош қаласының полицейлері арық құбырына кіріп, шыға алмай қалған 2,5 жасар баланы құтқарды, деп хабарлайды Кабар.

Ош қаласының Баткен ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, 12 қыркүйек күні 2,5 жасар баланың із-түзсіз кеткендігі туралы хабар келіп түскен. Полиция қызметкерлері сағат 14.30- дан бастап іздеу жұмыстарын бастаған.

«Кешке шамамен сағат 20.00-де құқық қорғау қызметкерлері жоғалған 2,5 жасар Нұрисламды арық құбырының ішінен тапты. Ол құбырға кіріп, одан шыға алмай қалған. Бала дін аман. Ол әжесінің қолына тапсырылды», - деп жазады ақпарат агенттігі.