Арыс қаласы маңынан «Қазарсенал» ЖШС-нің оқ-дәрілерді залалсыздандыру орны әлі күнге көшірілмей отыр

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Арыс қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Қазарсенал» ЖШС-нің оқ-дәрілерді залалсыздандыру орнын қаладан тыс жерге көшіру қажет. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.

Депутат өзінің сауалында 2009 жылы наурыздың 20-сында Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының маңындағы әскери гарнизонда «Қазарсенал» мекемесінің оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, бес адам қаза тапқанын, оншақты адам жараланғанын еске салды. Осы мәселе төңірегінде Арыс қалалық мәслихат депутаттары алаңдаушылық танытып, хат та жолдаған екен.

«Ол хатта: «Арыс қаласының маңындағы жарылыстан кейін Арыс қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында «Қазарсенал» ЖШС мекемесінің басшылары шақырылып қала тұрғындарының талаптарына сәйкес, олардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында, оқ-дәрілерді залалсыздандыру орнын қаладан тыс жерге көшіру туралы ұсыныс-талап қойылған болатын. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары да бірнеше рет мәселе көтерді. Алайда, осы күнге дейін аталған мекеме көшірілген жоқ, керісінше жұмысын жандандыра түсуде. Осы мәселенің оң шешілгені игі» - деп көрсетілген. Осыған байланысты Үкімет басшысынан Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Қазарсенал» ЖШС-нің оқ-дәрілерді залалсыздандыру орнын қаладан тыс жерге көшіруге ықпал етуін сұраймын», деді сенатор.