"Қазақстан" телеарнасының Павлодар облыстық филиалының Фейсбукте тараған видео материалына қарағанда, балаларға оңтүстіктен келіп, Павлодарда білім алып жатқан студенттер жетекшілік етеді. Яғни, үйден жыраққа шыққан жеткіншектер жабырқап, жат жерді тосырқамауы ескерілген.
"Көпбалалы, басқа деп мәртебеге бөлмедік. Тек Арыс қаласынан болса болғаны. Себебі, қандай жағдайға байланысты болса да, отбасылық жағдайы қандай болса да, біз Арыстан шығуға, Павлодарға келуге ниеті болса алып келдік", - деді телеарнаға сұхбат берген Павлодар облыстық білім беру басқармасының бастығы Дінислам Болатханұлы.
Арыстан келіп жеткен жас жеткіншектерді облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов қарсы алған.
"Арыс балаларына павлодарлықтардың қонақжайлығын, жергілікті Жасыбай, Сабындыкөл мен Торайғыр көлдерінің, жалпы табиғатымыздың сұлулығын танытуымыз қажет. Оған қоса, қонақтарымыз біздің өңірдің бай тарихи-мәдени мұраларымызбен танысуы керек. Облыс басшылығы атынан сіздерге осы 15 күндік демалық мазмұнды, қызықты өтуіне тілек білдіреміз. Біз, өз кезегімізде, сіздерге барынша жағдай жасауға тырысамыз", - дейді Асхат Оралов.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, , Арыс балалары үшін Баянауыл ауданындағы «Жас дәурен», Шарбақты ауданындағы «Чайка», Павлодар ауданындағы «Балдәурен» және Беловка ауылындағы «Қазхром» лагерьлері жұмыс істейді.