Арыс өзеніне ағып кеткен баланың мәйіті 6 күннен бері іздестірілуде

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында суға кеткен 7 жасар баланың мәйіті әлі табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 қаңтарда Арыс өзеніне ағып кеткен баланы іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

«Іздеу жұмыстарына 11 адам мен 2 техника, ТЖД жедел-құтқару жасағының 1 жүзу құралы жұмылдырылған. Ал, Отырар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің 13 және ішкі істер басқармасының 7 қызметкері және  2 техникасы, жергілікті тұрғынар мен туыстарынан 10 адам іздестіруде», - делінген хабарламада.

Құтқарушылар 8 градус аязда Арыс өзеніне түсіп,  5 метрге дейін  тереңдіктен іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге нәтиже жоқ.

Еске салсақ, 7 жасар баланың Арыс өзеніне түсіп кеткені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.