Арыста қымыранды құрғақтай дайындайтын кәсіпорын іске қосылмақ

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысы Арыс қаласында қымыранды құрғақтай дайындайтын кәсіпорын іске қосылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде «King Milk» ЖШС түйе сүтін өңдеп, одан құрғақ сүт өндіретін цех құрылысы аяқталуға жақын.

Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы кәсіпорын жұмысымен арнайы танысып, жобаның өңір үшін маңыздылығын айтып өтті.

- Қаламызға инвесторлар тарту жұмыстары жалғасуда. Пайдалануға берілгелі отырған цех жаңа жұмыс орындарының ашылуына, Арыстың дамуына өз үлесін қосады. Арысқа келіп инвестиция салып жатқан азаматтарға біз қолымыздан келгенше қолдау көрсетуге әрқашан да дайынбыз, - деді Гүлжан Мамытқызы.

Аймақта алғаш рет қолға алынып отырған жоба бойынша жылына 72 тоннадан астам түйе сүтінің құрғақ қоспасы өндіріледі. Цехтың құрылыс жұмыстары биыл ақпан айының соңында аяқталмақ. Жалпы құны 200 млн теңгені құраған жоба іске қосылғанда 15-20 адам жұмыспен қамтылады. Мұнда әзірленген дайын өнімдер республика нарығынан бөлек, алыс-жақын шет елдерге экспортталады деп жоспарланып отыр.

- Жаңа жұмыс орындарынан бөлек, отандық шипалы өнімді шетелге экспорттауға мүмкіндік туып отыр. Ал құрғақ күйдегі түйе сүтінің өзі көптеген дертке дауа, емге шипа болып табылады, - дейді «King Milk» ЖШС-нің директоры Ербол Әнуарбекұлы.