Бүгін Шучье теміржол вокзалы перронынан оларды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырəлімова, облыстық білім басқармасы мен БАҚ өкілдері қарсы алды. Төтенше жағдай орын алған Арыстан жеткен 145 бала бірнеше топқа бөлініп, Бурабайдағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығы мен «Самұрық» лагеріне жайғастырылды.
Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенованың айтуынша, бұл - Арыстан келіп отырған балалардың алғашқы легі. Жалпы, 500-ден астам баланы Ақмола облысындағы демалыс лагері мен сауықтыру орталықтарында демалдыру жоспарланса, жақын күндері тағы 100 бала келеді деп күтілуде.
«Шілденің 12-де Арыс қаласынан тағы 100 жеткіншек келеді. Олар Шалқардағы Ақмола облысының білім басқармасына тиесілі «Чайка» және «Сокол» балаларды сауықтыру орталықтарында демалатын болады. Бұдан бөлек, тамыз айында Зеренді ауданындағы демалыс лагерьлерінде 145 бала және «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 150 баланы қабылайтын боламыз», - дейді Ботакөз Дүйсенова.
Сонымен қатар, арыстық балалар үшін Ақмола облысының киелі жерлері мен Бурабайдың көрікті саяхат ұйымдастырылады. Оған қоса, түрлі мәдени, спорттық шаралар қарастырылып отыр.
«Шынымды айтсам, Бурабайға келгеніме өте қуаныштымын. Жасыл қарағайы мен қайыңы, мөлдір көлдері көз тартады. Табиғаты өте әсем. Бурабайдың сұлу табиғатын көру - арманым еді», - деп өзінің алғашқы күнгі әсерімен бөлісті Арыс қаласындағы Әліби Жангелдин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Бекболат Орынбай.
Арыстағы қару-жарақ қоймасында болған алапат жарылыс бүтін бір қаланың тұрғындарына үрей туғызғанымен, ел болып көрсетілген көмек пен қолдаудың арқасында қорқыныш артта қалғанын аңғаруға болады.
«Жарылыс болған күні барлығымыз үйде болдық. Гүрс еткен дыбысты біз жай ғана жарылыс деп ойладық. Кейін снарядтар дауысы үдейі түскен соң жағдайын насырға шапқанын сездік. Сол кезде ата-анамыз әпкем және інім үшеуімізді ертіп Монтайдағы таныстарының үйіне алып барды. Кешкісін Шымкентке жетіп, сондағы туыстарымыздың үйін паналадық. Бастапқы да әрине, қорқыныш болды. Жедел көрсетілген көмек, қолдаудың арқасында қорқыныштың барлығы артта қалды», - дейді Арыс қаласындағы №1 орта мектептің 10-сынып оқушысы Әсел Ескермес.
Айта кетейік, балаларға демеушілердің есебінен сатып алынған киім-кешек пен сөмкелер үлестірілді.