Министр флеш-моб аясында Олимпиада чемпиондары бастаған бір топ жастармен қысқа қашықтықты жүгіріп өтті. Сондай-ақ, жүгіріс аяғына жеткеннен кейін жиналғандардың барлығы «Біз Астана халықаралық ШЫҰ марафонын қолдаймыз» деп ұрандатты. БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берген министр барлық ниет білдірушілерді марафонға қатысуға шақырды.
«27 тамызда Астанада тұңғыш халықаралық марафон өткіземіз. Сол жарысқа қатысыңыздар, жеңіске жетіңіздер. Қатысуға тілек білдіргендер өте көп. Әсіресе, шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Неге десеңіздер, дүниежүзіндегі ең алдыңғы қатарлы телеарналар мен БАҚ көздері біздің марафонды көрсетеді. Астаналықтар үшін ыңғайсыздық туындатуы мүмкін. Бірақ, Елорданың көркін осылай әлемге паш ете білуіміз керек», - дейді министр.
Халықаралық дәрежеде атағы бар кімдердің қатысатыны туралы сұрақтың жауабын министр кейінге қалдырды.
«Бұл әзірге құпия болып қала тұрсын. Бірақ, айтарым - халықаралық марафонның ең танымал спортшылары біздің де марафонға атсалысатын болады», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Еске сала кетсек, ШЫҰ-ның марафоны елордада 27 тамыз күні таңертең сағат 07:30 уақытында басталады. Оған бес мыңға жуық адам қатысады деп күтіліп отыр.