Арыстанбек Мұхамедиұлы астаналықтарды Алаш жайлы фильмнің тұсаукесеріне шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы астаналықтарды «Алаш туы астында» деректі фильмнің тұсаукесеріне шақырды. Деректі фильмнің тұсаукесері 6 қараша күні сағат 19:00 «Сарыарқа» кинотеатрында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Деректі фильмді көруге кіру тегін. Арнайы көрсетілім де ертең сол жерде болады. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе отырып түсірген.

«Фильмді түсіру тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы Мемлекеттік Мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізді.

Фильмнің режиссёрі - Ерген Тоқмурзин, бас кеңесшісі - Мәмбет Қойгелді, шығармашылық кеңесшісі - Тұрсынжан Шапай, сценарийдің авторы - Болат Мүрсәлім, қоюшы операторы - Мұстафа Өнер және композиторы - Бейбіт Ақош», - деп жазды министр Фейсбуктегі парақшасында.

Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандықтардың фильмді қайдан көре алатыны туралы мәселені шешіп жатқанын тілге тиек етті.

«Кинотеатрда деректі кино көрсетілмейтіні белгілі, сондықтан мемлекеттік телеарналардан көрсету мүмкіндігін қарастырамыз. Бұл туралы міндетті түрде қосымша хабарлаймын», - деп жазды ол.

Еске сала кетсек, «Алаш туы астында» атты деректі фильм түсірілгенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.