«Құрметті Геннадий Геннадиевич! Сіздің кезекті жарқын жеңісіңізбен құттықтауымды қабыл алыңыз!
Өз елінің шын патриоты, нағыз былғары қолғап шебері болған сіз - Отанымыздың мақтанышына айналдыңыз. Сіздің жеңістеріңізге біз ғана қуанбаймыз, жүз миллиондаған бокссүйер қауым сіздің қатысуыңызбен өтетін бокс кешін асыға күтеді.
Сіз - миллиондаған қазақстандыққа үлгісіз, сіз жас спортшыларға үлкен бокс әлеміне жол аштыңыз және қазақстандық бокс мектебінің күш-қайратын көрсеттіңіз!
Тағы да Сізді шын жүректен құттықтаймын, зор денсаулық, табыс, жаңа жеңістер тілеймін», делінген құттықтауда.
Еске сала кетсек, Лондонның О2 аренасында орта салмақта WBA (Super), WBC және IBF нұсқаулары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин британдық Келл Брукпен шаршы алаңда кездесіп, бесінші раундта жеңіске жетті.
Бұл - Бруктың кәсіби рингте өткізген 37 жекпе-жегіндегі алғашқы жеңілісі. Головкин 36-ыншы жеңісіне қол жеткізді.
Айқастың толық видеосын мына жерден көруге болады.