«Биатлонға қатысты бір жыл бұрын келеңсіз оқиға болған. Бірақ, тексеріс барысында допингке қатысты ешқандай медициналық нормативтер бұзылмағаны анықталды. Басшылар өткен шараларға әлбетте, ревизия жасауда. Одан мазаланатын түк жоқ. Қазір біздің заңгерлер тиісті жұмысты жүргізуде. Әрине, нақты шаралар бар. Менің ойымша, жақын арада Халықаралық биатлон федерациясы өз шешімін шығарады. Допингке қатысты тәртіп бұзушылық жоқ», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.
Еске сала кетсек, өткен айда Халықаралық биатлоншылар одағы IBU Қазақстан құрамасының биатлоншыларын уақытша шеттету туралы қаулы шығарған болатын. Белгілі болғандай, 2017 жылдың қаңтар айында биатлоннан Қазақстан құрамасы Италияның Анхольц қаласында өткен Әлем Кубогының кезеңіне қатысқан. Сол жылдың 20 қаңтарында допингті қолданды деген күдікпен Италияның Больцано провинциясының полициясы мен прокуратурасы жоспардан тыс Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары мен спортшыларының нөмірлеріне тінту жүргізген. «Аталмыш шараға Қазақстан командасына тиесілі қоқыс контейнерлеріне лақтырылған медикаменттер қорапшасы себеп болып отыр.
Үкіметтің баспасөз орталығында Арыстанбек Мұхамедиұлы сондай-ақ, жылдың басында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы Олимпиадада спортшылар көбірек медаль алуға барын салғанын атап өтті.
«Бірақ, өкінішке қарай тек Юлий Галышева ғана қола медаль алды. Полторанинге үміт артқан едік. Бірақ, бұл ретте бір жетістікті атап өту керек: біз аталмыш сайысқа өте көп лицензия ұтып алдық. Ол Олимпиадағы, сонымен бірге, бірде-бір шетелдік спортшыны тартқан жоқпыз. Бәрі де Қазақстаннан», - деді ол.
Министр қысқы Паралимпиада ойындарынан алтын медаль еншілеген Александр Колядиннің еңбегін ерекше атап өтті.
«Бізде қабылдау әртүрлі ме деймін... Егер негізгі сайыстан спортшы жүлде алса бір бөлек те, паралимпиадашы болса жеткілікті назар аударылмайтын секілді. Бұл да үлкен жетістік емес пе!? Колядин ең жоғарғы бірден-бір жетістікке жетіп, тарихымызда тұңғыш рет алтын медаль алды. Ал біз оны елей бермейтін сияқтымыз. Сондықтан, құрметті әріптестер, біз жағдайға шынайы қарауымыз керек. Адамды сау және мүгедек деп бөлмеуге тиіспіз. Керісінше, қысқы Паралимпиада ойындарында алтын медаль алғанымызды мақтана айтуымыз керек. Бұл бағыттағы жетістіктермен тоқтап қалмасымыз анық. Алға қарай жылжи береміз», - деді министр.