Арыстанбек Мұхамедиұлы Павлодар облысындағы қайғылы қазаға байланысты марқұмдардың туыстарына көңіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жол апатынан Павлодар облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Ардақ Райымбеков, оның әйелі және үш жасар ұлының қаза болуына байланысты марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр бұл туралы Фейсбук парақшасында жазды.

«Бүгін Павлодар облысынан қайғылы жаңалық келді. Жол апатынан Павлодар облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Ардақ Райымбеков, оның әйелі және үш жасар ұлы қаза болды. Орны толмас қайғы. Өте жас, әдемі, дарынды бауырларымыз. Ардақ бар жоғы 35 жаста еді, алда әлі талай бағындырар белестері көп деп үміт ететінбіз. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Қайғылы оқиға. Біз сіздермен біргеміз. Берік болыңыздар. Иманды болсын!», - деп жазды министр.

Еске сала кетсек, Павлодар облысында «НОWО» және «BMW» көліктері соқтығысып, 4 адам ажал құшқан болатын. Кейін жеңіл автокөлікте көз жұмғандар - Ардақ Райымбеков пен оның отбасы екенін Павлодар облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы растаған еді.