Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысында министрлерді ду күлдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туризм саласында экономика дамыту жайында баяндама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап өтуінше, еліміздің климаттық ерекшелігіне байланысты бірқатар нысаналы индикаторға қол жеткізу біршама қиын.

«Туризм саласы үшін ең жақсы маусым жаз бен күз айлары екендігі түсінікті. Біз жылдың соңында барлық көрсеткіштерді орындайтын боламыз. Екіншіден, Бақытжан Әбдірұлы, театр, музей, кітапхана және ботаникалық баққа бару сынды көрсеткіштерді орындай алмаймыз. Индикаторға, әдіснамаға еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ, қаңтар мен ақпанда, наурызда аттракциондарға бару өте қиын, суық. Зоологиялық парк, ботаникалық бақта», - деді министр.

«Жазда ыстық, қыста суық қой», - деп күлді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.  Осыдан кейін Үкімет басшысына ілесе отырысқа қатысып отырған барлық министрлер де ду күлді.

«Күлеміз, бірақ жұмыс та істеу керек. Құрметті министрлер 24 нысаналы индикатордың  9 бойынша арта қалып отырмыз. Мұндай тәжірибені алғаш рет енгіздік және сіздердің барлық дәлелдеріңізді қабылдамаймын. Жұмыс істеңіздер, нәтиже беріңіздер. Мемлекет басшысы күтіп отыр. Орта мерзімді кезеңде 5 пайыз өсім көрсету тапсырмасын жүктеді. Егер барлық уақытта әдіснамаға, статистикалық есептілікке, табиғатқа сілтей беретін болсақ, жүктелген міндетті еш уақытта орындай алмаймыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.