Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасына болашақ офицерлер үн қатты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шырақбек Кабылбаев атындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің Академиясы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасына қосылды. Академия «Street Workout KZ» республикалық конкурсына қатысу үшін командалық бейнежазба түсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Академия Қостанай қаласында орналасқан. 1971 жылдан бері болашақ офицерлерді оқыту және дайындау бойынша ең маңызды оқу орындарының бірі саналады.

«Ішкі істер Академиясы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының шақыруын қолдайды және біз барлық қазақстандықтарды осы іс-шараға қатысуға шақырамыз», - деп атап өтті Академияның бастығы генерал-майор Мирлан Қызылов.



Еске сала кетсек, «Street Workout KZ» акциясын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап берген болатын. Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны өзі бастап, «Street Workout KZ» байқауын - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке, танымал әнші Қайрат Нұртасқа, танымал қазақстандық актер Әділ Ахметовқа жолдаған еді.

Кейін министрдің бастамасына боксшы Бақтияр Артаев пен таэквондошы Арман Чилманов қосылды.

Акцияны кейін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет Арман Чилмановтан қабылдап, Сочи Олимпиадасының жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаровпен бірге бейне-үндеу түсірді. Роликте спортшылар барлық қазақстандықтарды street workout-пен айналысуға шақырды.

Айта кетерлігі, бұған дейін аталған акцияға Қанат Ислам да атсалысып, эстафетаны дәл осы Ардақ Назаровқа жолдаған еді. Ардақ Назаров өз кезегінде оны қазақтың үш «батырына»тапсырды.

Спортшылармен бірге эстрада жұлдыздары да, шетелдегі қазақ студенттері де белсенді түрде қатысуда.

Айта кетерлігі, конкурсқа қатыса отырып, кез келген адам өзінің қаласы немесе ауылы үшін StreetWorkout арнайы алаңын, сондай-ақ ақшалай сыйлықты ұтып ала алады. Байқаудың шарттары «Challenge Street Workout KZ» сайтында орналастырылған. Байқау 10 маусымға дейін жалғасады.