Арыстандармен бірге бір торға кіруден мүлдем қорықпаймын - Тунгалаг Өселбаева (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адам тағдыры алуан түрлі. Алайда сол адамдардың ішінде де ешкімге ұқсамайтын, басқалардан ерекше қасиетімен дараланып тұратын тұлғалар да болады. Сондай адамдардың бірі - Тунгалаг Өселбаева.

Алыстағы Бурят елінен қазақ отбасына келін боп түскен ол, бүгінде Қазақстандағы арыстандарды баулитын бірден бір әйел.

Өмірлік жары Мұрат екеуі 1987 жылы Мәскеуде танысқан. Ол кезде Тунгалаг цирк училицесінің вокал бөлімінде 4-курста оқитын. Ал атомдық сүңгуір қайықта әскери борышын өтеп болған Мұрат осы училищеге оқуға түседі. Екеуі осылайша танысып, араларында махаббат оты тұтанады. Көп ұзамай отбасын тұрып, тұңғыш ұлдары Мұхтарды өмірге әкеледі. Ал 1991 жылы Одақтық мемлекеттік цирктің «бізде қалыңдар» деген өтінішіне қарамай, жас отбасы Қазақстанға келеді.

«Ол (Мұрат) өз елінің патриоты болатын, үнемі «Қазақстанымды әлемге танытуым керек!» деген арманмен өмір сүрді. «Жоқ, Қазақстанға барамыз, онда да цирк бар!» деп қысқа қайырды ол. Сөйтіп, Алматы циркінде 2005 жылға дейін қызмет еттік. Сол жылы Астана циркінің тұңғыш директоры, марқұм Балтабек Жұмағұлов күйеуімнен жаңа ұжым құруын өтінді. Мұрат ұжымның негізгі тірегі ретінде ардагер циркшілердің басын қосып, қалған орындарға жас әртістерді жинады», - дейді Тунгалаг Өселбаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Бүгінде біздің кейіпкеріміз екі ұл мен екі немере тәрбиелеп отыр. Отағасы 2011 жылы бақилық болған екен.

Бурят қызы екені атынан ғана білінетін Тунгалагтың жүзінен кәдімгі қазақ әйелдеріне тән нәзіктік пен қайсарлық табы қатар көрінеді. Жайлы да жұмсақ, сонымен қатар барлық аң баулушыларға ауадай қажет бұйрықты даусымен қазақтың ана тілінде әңгіме құрған кезде, оның ұлты туралы мүлдем ұмытып кетесің.

- Басқа ұлттың өкіліне тұрмысқа шығып, мүлде басқа ортаға келін болып түстіңіз. Сол кезде қалай бейімделдіңіз? деген сұрағымызға кейіпкеріміз былай деп жауап берді:

- Қазақстанға келген кезде, мен алдыма ең бірінші қазақ тілін үйренуге тиіспін деген талап қойдым. Күн сайын бірнеше сөз жаттап, түсінбегенімді ұялмай сұрап, ептеп тіл сындыра бастадым. Осылайша бір жыл ішінде кәдімгідей адамдармен тілдесе алатын деңгейге жеттім.

Күйеуімнің отбасы мені құшақ жая қарсы алды. Ата-енем жұмсақ адамдар екен, «әй, келін, ананы істе, мынаны істе!» деп бір рет те айтып көрген емес. Олар маған басқа ұлттың қызы болғандықтан, асқан түсіністікпен қарады деп ойлаймын.

- Ертең елімізде Отбасы күні тойланады. Сол мерекеңізбен сізді шын жүректен құттықтаймыз! Осы орайда өзіңіздің отбасыңыз туралы айта кетсеңіз...

- Рахмет! Осы ретті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды мен де мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ал енді отбасыма келер болсам, екі балам, бір келінім, екі немерем бар. Күйеуім екеуіміз 22 жыл отастық, тағдырдың жазуымен ол 2011 жылы қайтыс болды.

Негізі, арыстандарды жаттықтыруды бастаған сол кісі еді. Мен басында оған тек көмекші болып жүрдім. Жолдасым қайтыс болған соң үлкен ұлым Мұхтар оның ізін жалғастырып, бастап кеткен ісін қолға алды. Қазір сол ұлым екеуіміз арыстандармен жұмыс жасаудамыз. Кіші ұлым 9 сыныпта оқиды.

- Кіші ұлыңыз бен немерелеріңіздің де сіздердің жолдарыңызды жалғастырғанын қалайсыз ба?

- Мен оларға біздің жолмен жүріңдер деп айта алмаймын. Олар өз жолдарын өздері таңдауы тиіс. Үлкен ұлыма екі бірдей жоғары білім бердім, білім алып, одан әрі қызмет етсін деп ойладым. Алайда ол өз шешімімен әкесінің жолын жалғастыруға бел байлады.

Ал кіші ұлым арыстандарды баулуға, жалпы цирк өнеріне мүлдем қызықпайды. Дегенмен хайуанаттар әлеміне қатты қызығады. Жануарлар туралы телеарналарды үзбей көріп, аңдар туралы кітаптарды көп оқиды. Ол жануарларды жақсы көреді. Мүмкін мал дәрігері болып кетер? Кішкентай кезінде неше түрлі динозаврлардың аттарын жатқа соғатын, сол кезде палеонтолог болып кете ме деп ойлағам (күледі).

- Ал енді өзіңізге тоқталайық. Бұл өнерге қалай келдіңіз?

- Менің арыстандарды үйретуші болып қызмет еткеніме тоғыз жыл болды. Астанаға шақыртумен Алматыдан келген болатынбыз. Оған дейін мен циркте гимнасшы, ал марқұм күйеуім акробат болған. Жылдар өте келе біз әртүрлі дене жарақаттарын алдық, күйеуіме омыртқа жарықшағы бар деген диагноз қойылды. Сондықтан бізге цирк өнеріндегі бағытымызды өзгертуге тура келді. Астаналық цирк ашылып жатқан кезде, басшылық арыстандар әкелінетінін айтып, күйеуіме соларды баулуды ұсынды. Алайда мен басында ат-тонымды ала қаштым. Бірақ ол сөз беріп қойғанын айтып, алған бетінен қайтпады. Сондықтан да мен барлық шығыс халықтарының әйелі сияқты күйеуімнің айтқанынан шықпай, келісуге тура келді. Дегенмен бұл жұмыстың бар қиыншылығын жақсы түсіндім. Өйткені бұлар «тірі кісендер» сияқты. Демалысқа шығып, алысқа кете алмайсың. Демалысқа шықсақ болды, екі-үш күн өтпей бізді қайта шақыртып алады. Тіпті апта соңында да ешқайда кете алмай, осы арыстандардың басы-қасында жүреміз.

- Яғни оларды күн сайын күтіп-баптау керек пе?

- Иә, әрине, біз оларды күн сайын тамақтандырамыз, күтеміз, астын тазалаймыз. Керек болса, торларының сынған жерлерін өзіміз істеп аламыз. Ірі жөндеу жұмыстарын басшылық жасатады, ал ұсақ-түйегі өзімізден артылмайды.

- Ал арыстандарды алғашқыда сіздер өз беттеріңізше жаттықтырдыңыздар ма,әлде шетелдік мамандарға жүгіндіңіздер ме?

- Жұбайым 2005 жылы ең алғашқы арыстандарды Қытайдан сатып алып келгенде, сол елден көмекші жаттықтырушы ере келді. Біз осы адаммен бірлесе отырып, 4 ай бойы аң патшасын жаттықтыруды үйрендік. Баулуға көне бермейтін арыстандар да болады. Ондайларды біз арыстанның күшіктеріне айырбастап аламыз.

- Яғни арыстандар баулуға көнетіндер мен көнбейтіндер болып екіге бөлінеді екен ғой?

- Әрине. Кейбіреулерін баулуға өте көп уақыт кетеді, дегенмен оларды бірдеңеге үйретуге болады. Ал енді біреулері өмір бойы ештеңеге үйренбей қоюы әбден мүмкін.

- Ал арыстандардың өздеріңізге айбат шеккен немесе тіпті шабуыл жасаған кездері болды ма?

- Жоқ, ондай жағдайлар болған емес. Жаңа арыстанды алып келген соң, біз оны торға қамап, екі ай бойы қасында жүреміз. Тамағын беріп, көзін үйретіп, иісімізді сіңіреміз, яғни тіл табысамыз. Біраз уақыттан соң мінезі жақсы арыстандар өздері бастап бізге еркелеп, назар аудара бастайды. Ал мінезі жамандары тез үйренісе қоймайды. Оларға жақындап, жалынан сипаудың өзі қорқынышты.

- Арыстандарды баулумен айналысқаннан бері неше көрініс қойғандарыңызды санадыңыз ба?

- Жоқ, соны санамаппын. Әрине, тоғыз жылда өте көп қойылым көрсетілді. Мен өзімізді керемет тәжірибелі баулушымыз деп айта алмаймын. Дрессура үшін тоғыз жыл деген онша көп уақыт емес. Жылдан жылға тәжірибе жинақтап, сол жиған тәжірибемізді одан сайын жетілдіріп, жаңа мүмкіншіліктерге жол ашып келеміз. Аңдарды баулуға адам баласы мектеп партасында немесе университет қабырғасында үйренбейді. Бұл жерде барлығы тәжірибеге байланысты. Тоғыз жылда біз барлығы 14 арыстанды баулып шығарыппыз.

- Солардың ішінде басқасынан гөрі жақсырық көретіндеріңіз бар шығар?

- Негізі біз арыстандарды бөліп-жармаймыз. Дегенмен солардың ішінде басқасынан мейірімділік жағынан, таланты жағынан, әртістігі жөнінен оқ бойы озық тұратын біреуі бар. Оны біз Така дейміз. Таканы кішкентай кезінде Қытайдан әкелгенбіз. Сондай-ақ, бізде төрт «қарағандылық» бар. Олардың үшеуінің гендері нашарлау. Мүмкіншіліктері жағынан да, дене бітімі бойынша да қытайлықтарға жетіңкіремейді. Қытайдың арыстандары өте әдемі, ірі, оның үстіне дарынды болып келеді. Көптеген мамандар мұндай таза қанды арыстандардың қазірде саусақпен санарлық екенін айтады. Ал бүгінгі таңда арыстандарымыздың жалпы саны - 9.

- Гастрольдерге шығып тұрасыздар ма?

- Өзбекстанда, Қырғызстанда болдық, Қазақстанның өңірлерін араладық. Дегенмен Еуропаға, Ресейге барғымыз-ақ келеді. Бірақ ол жаққа бару үшін ерекше есте қаларлықтай көріністермен шығу қажет. Бүгінде бұл тұрғыда жұмыстар атқарып жатырмыз. Дегенмен, жануарлармен алыс сапарға шығудың да өзіндік қиыншылықтары бар.

- Бәлкім бұл аң патшаларының күтімі де қиын шығар? Көп тамақ жей ме?

- Соншалықты керемет күтім талап етпейді. Күн сайын 6,5 килограмм ет, 500 грамм тауық етін, бір жұмыртқа жеп, жарты литр сүт ішеді. Сонымен қатар, біз күніне 0,03 грамм балықтың майын береміз. Рацион қатаң түрде сақталады.

- Егер сізге өміріңізді өзгертуге мүмкіндік берілсе, арыстандардан бас тартар ма едіңіз?

- Қазір әрине ештеңе өзгерте қояйын деп жатқан жоқпын. Жасым 20-дағы өрімдей жас қыз болсам, бір жөн (күледі). Шынтуайтына келгенде, бұл менің маңдайыма жазылған тағдырым, сүйіп істейтін жұмысым деп ойлаймын. Жұмысымды да, арыстандарымды да жақсы көремін.

- Дәл осы циркте сіздердің қолдарыңызда өмірге келген арыстандар бар ма?

- Өкінішке орай, ондай бақыт бұйырмай тұр. Мамандардың айтуынша, біз еркек және ұрғашы арыстандарды кеш қосыппыз, қазір олардың жастары келмейтін көрінеді. Біз оларды 6 жасар кезінде шағылыстырғанбыз. Ал олардың дүниеге ұрпақ әкелу шағы бір жасар кезі екен. Біз қолымыздан келгенше селекциялық жұмыстар жүргізіп келеміз, бірақ әлі нәтиже жоқ. Циркіміздегі арыстандарымыз осында ұрпақ өрбітіп жатса, бізге одан өткен қуаныш болмас еді. Ол үшін жас ұрғашы арыстан табуымыз қажет. Қазір ең үлкен арыстанымыз 10 жаста. Ал ол адамның 40 жасы деген сөз.

- Арыстандармен бірге темір тордың ішіне кіргенде қорқыныш сезімі бола ма?

- Қазір анау айтқандай қорқыныш билей қоймайды. Бірақ енді ғана кірісіп жүрген кезде, қатты қорқатынмын. Алайда күйеуім үшін сол қорқынышымды жеңдім. Өйткені оған көмектесуім керек болды. Ал қазір көрермен алдына шығар кезде аздаған толқу болады. Мұндай сезім әрбір әртісте болуы тиіс. Егер әртіс толқымаса, онда ол әртіс емес деген сөз. Бұл заңды сезім. Ал жұмыс кезінде торға кірген соң, бұл сезімнен арылып, күнделікті қалпыма енемін.

Осы істі бастаған кезде өте ауыр болды. Көмекшілеріміз аз еді, сондықтан барлығын өзіміз істеуге тура келді. Бірақ бәрін қарым-қатынас шешеді. Оларға көрсететін барлық қамқорлығымыз ақыр-аяғында бізді жақындата түседі. Мәселен мен қазір оларды тастап, ұзақ уақытқа кете алмаймын. Еңбек демалысымды ең көп дегенде екі аптаға аламын. Ұзақ уақыт көрмесем, кәдімгідей сағынамын. Мен келгенде олар да дәл өзім сияқты мәз болып, бір қуанып қалады.

- Менің түсінуімше, бұрын арыстандарға арналған қойылымдарды марқұм күйеуіңіз ойлап тауып келді. Ал қазір қалай?

- Біз қазір ұлым екеуіміз бірге ойласамыз. Әр арыстанға арналған жеке қойылымдар да, ортақ қойылымдар да бар. Репертуарымызды одан сайын жаңарта түсу үшін бізге тым болмаса, екі күшік қажет. Сондықтан қазір жұмысымыз сәл кідіріп тұр. Біздің ойымызша, үйретуге жатпайтын арыстандарды күшіктерге айырбастап алсақ, ойымыз іске асар еді. Алайда бұл экзотикалық жануарларды шетел асырып, басқаларға айырбастау үшін арнайы рұқсат керек екен. Қазір бұл мәселе Президент деңгейінде қарастырылып жатыр. Жауабын күтудеміз.

- Астанаға 2005 жылы келдік дедіңіз. Алматыдан кейін бұл қалаға қалай бой үйреттіңіз?

- Мен өзім Бурятияның қызымын. Онда да климат Астанадағы сияқты. Сондықтан мен бұл қалаға тез бауыр басып кеттім. Астана менің отбасымның тамыр жайып, көгеріп-көктейтін мекені болмақ. Сондықтан бұл қаланы мен өзімнің туған жеріммен тең көремін. Осы қаланың туған қызындай сезінемін өзімді...

- Әңгімеңізге көп рахмет! Өміріңізге бақыт, жұмысыңызға табыс тілейміз!