Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл күні жарылыстан кейін қаланы қайта қалпына келтіруге үлес қосқан азаматтарға, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен дала еңбеккерлеріне «Еңбек даңқы» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ бірқатар тұлға алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Арыс аспанын әнге бөлеген мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, өнер иелері жиналған қауымға ән мен биден шашу шашты. Сондай-ақ Арыс қаласында дәстүрге айналған «Алтын күз – 2019» жәрмеңкесі өтті. «І-Арыс» теміржол вокзалы алдындағы алаңшада шаруалардың өндірген өнімдері арзан бағада халыққа ұсынылып, көрме ұйымдастырылды. «Алтын күз – 2019» жәрмеңкесіне Ақдала, Байырқұм, Жиделі, Дермене, Монтайтас, Қожатоғай ауылдық округтерінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өз тауарларын нарықтағыдан 20-30 пайызға төмен бағада ұсынды.