***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, отандастарымыздың күнделікті тұтынатын басты азық-түлік тауарларының бірі - сүт. Сүтсіз кез келген дастарқанның нəрі жұтаң тартады. Сүтсіз ішілген шай тамағыңыз бен таңдайыңызды қырнайды. Рас, бүгінде еліміздегі супермаркеттер мен үлкенді-кішілі азық-түлік дүкен дерінің сөрелерінде пакеттеліп жəне қалбырланып өңделген сүттің сан алуан түрлері сықасып толып тұр. Бұлардың сақталу мерзімінің ұзақтығы оған консерванттар мен құрғақ жасанды ұнтақтар жəне соя өсімдігі араласпағанына ешкім кепілдік бере алмайды. «Халқымыздың арасында қаладан шығып, қайраткер болғандар саусақпен санап аларлықтай. Ағайындарымыздың дені ауылда дүниеге келіп, малдың иісін, қидың иісін жəне сүттің иісін сезініп өскендер екені кəміл. Содан білетініміз, жаңа сауылған сүт жаз күндері 3-4 сағаттың ішінде іріп, ашып, бұзылып кетпейтін бе еді? Міне, табиғи таза сүт деп осыны айтыңыз. Ал осы күні ел рыногына Белоруссиядан жəне Ресейден келген сүт өнімдері жылдар бойы бұзылмай тұра береді»,-деп жазады автор «Елімізде сүт өндірісі қайтсе артады?» атты мақалада.
Бас басылымда «Арыз қайтсе қаралады?» атты мақала берілген. Заман өзгеріп, халықтың жағдайы жақсара түсті деп қазір күнде айтылады. Ол рас. Бірақ заман өзгеріп, тəуелсіздігіміз нығайған сайын, өз қолымыз өз аузымызға жеткен сайын жалпы жағдай да жақсара түсуі қажет. Бұл солай болуға тиіс заңдылық. Алайда, сол жақсылықтардың бəрін көлегейлейтін кемшіліктердің де қатары көбейіп бара жатқаны жанды ауыртпай қоймайды.
«Халық мемлекеттің жан-жақты дамуына өздерінің де жеке шаруашылықтарын дөңгелетіп, жұмыс істеп тұрмыс күйін, əл-ауқатын жақсартуымен ортақ іске үлес қосып жатқанын түсінеді. Бірақ осы істі талап деңгейінде атқару барысында небір шенеуніктердің немқұрайлылығы салдарынан аяқтан шалар, қолбайлар келеңсіздіктер де балаққа жабысып, адым аштырмай қояды. Ондайда қарапайым азаматтарға не істеу қажет? Өтініш, арыздарын қайда жолдағандары жөн?»,-деп жазады газет.
Міне, осы орайда мақала авторы өтініштерді қарау мен азаматтарды жеке қабылдау Бас прокуратураның құқық қорғау қызметінің ажырамас бөлігі ретінде қадағалау органы қызметкерінің жұмысында маңызды орын алатындығын айтып отыр. Бүгінгі күні ақпараттық технологиялардың тұрақты өсуі мен құқық саласының дамуы кезінде Бас прокуратура республика азаматтарының өтініштерін қарау мəселесін жеңілдетуге байланысты шаралар қабылдады.
***
«Биылғы «Жібек жолы» ралли қандай бағыт бойынша өтетіні белгілі болды. 8 шілдеде Мәскеудегі Қызыл алаңнан бастау алатын бұл жорық 24 шілдеде Бейжіңде өз мәресіне жетеді»,-деп жазады «Айқын» газетін бүгінгі санындағы «Жібек жолы» жорығы» атты материалда.
«Жібек жолы» раллиінің бағыты жайында толықтай түсінік беретін болсақ, ол әуелі Ресей аумағы бойынша өтеді. Өз сапарларын Мәскеуден бастайтын жаһангерлер алғашында Қазанға (853,35 шақырым) тоқтайды. Одан кейін Уфаға (622,17 шақырым) келеді. Башқұртстанның бас шаһарынан соң олар Қазақстанға қарай өтеді. 11 шілдеде Қостанай (812,46 шақырым), 12 шілдеде Астана (855,69 шақырым),13 шілдеде Балқаш (821,10 шақырым) және 14 шілдеде Алматыға (855,88 шақырым) ат басын тірейді.
Алатау баурайында бір тәулік дамылдап алғаннан кейін раллишілер «темір тұлпарларын» қайта тізгіндейді. Алматыдан шыққан бетте олар бірден Қытайға бет алады. Аспанасты еліндегі Бортала, Үрімші, Хами, Дуньхуан, Цзяюйгуань, Алашань-Юци, Вухай, Хух-Хото өңірлерін басып өтіп, 24 шілдеде Бейжіңге жету жоспарлануда.
- Биылғы «Жібек жолы» додасы бастан-аяғына дейін өте күрделі болмақ. Әр өңірде бізді түрлі қиындықтар күтіп тұр. Соған шыдауымыз керек. Тіптен демалатын уақыттың өзі шектеулі. Осы бағытты біз әдейі таңдап алдық. Бұл тек адамдар үшін ғана емес, техникалар үшін де өте ауыр сынақ. Сондықтан бәріне дайын болуға тиіспіз, - дейді жоба жетекшісі Владимир Чагин.
Осы басылымда «Қорыққа кім қорған болады?» атты мақала жарияланды.Қазақстанда экотуризмді дамыту бағытындағы шараларды жақсарту үшін және ұзақмерзімді пайдалануға берілетін жер телімдері бойынша өткізілетін конкурсты айқындау үшін қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек.
Қазіргі кезде ұлттық парктердің тендерлік құжаттар бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісу ережелері өзгертілуде. Сондай-ақ, бұдан былай тендерлік комиссия құрамына үкіметтік емес ұйым мүшелері кіргізілетін болды.
Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ЕҚТА) жер телімдерін ұзақ және қысқа мерзімді пайдалануға бекітіп беру жұмысы 2007 жылы ЕҚТА туралы жаңа заңға және оған қатысты нормативтік актілер қабылданғаннан кейін басталды. 2007-2009 жылдары барлық ұлттық парктер мен мемлекеттік резерваттарды туризм инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары жасалды. Бас жоспарлар байқау негізінде мамандандырылған мекемелерде жасалып, сонымен қатар, барлық ұлттық парктер мен табиғи резерваттарда туристік және рекреациялық қызметтегі жерлер бөлініп территориялық аймақтандыру жүргізілді. Бас жоспар бойынша экожүйеге залал келтірмейтіндей етіп жеке және заңды тұлғаларға конкурс негізінде ұзақ мерзімді пайдалануға арналған жер телімдері анықталды. Әзірленген бас жоспарлар мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бекітілді. Бас жоспарда құрылыс нысандарына қойылатын талаптар бойынша көп қабатты құрылыстардың қамтылуы, табиғи ландшафтардан жасалған құрылыс материалдарын пайдалану, сондай-ақ, рекреациялық жүктеме нормалары анықталды. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, мақалана оқып шығыңыз.
***
Түркістандық университеттің ұстазы Ферхад Чайыр күн энергиясынан қуат алатын автомобильдерді құрастыруға ерекше мән беріп оты, деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Бірнеше жылдан бері ол «жасыл» автомобильдердің сегіз моделін жасап шығарды. Осы жайында «Солнечный автомобиль» атты материалда толық берілген.