Арзан пәтер алып береміз: Қосшыда қос зейнеткерді алдаған әйелдерге іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM - Ақмола облысында Астанадан арзан бағаға пәтер алып береміз деп уәде еткен күдіктілерге қатысты тергеу басталды. Алаяқтық әрекеттен екі зейнеткер зардап шеккен, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: shutterstock

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қосшы қаласының полиция бөліміне екі жергілікті тұрғын арызданған. Олардың айтуынша, сырттай ғана танитын әйелдер Астанадан төмен бағамен үш бөлмелі пәтер алып береміз деп сендірген.

– Күдіктілер жапа шегушілерге пәтерлерге тыйым салынғанын, сол себепті бір жылдан кейін ғана рәсімделетінін айтқан. Сонымен қатар ақшаны тек қолма-қол беру қажет екенін ескерткен, - деп хабарлады полиция өкілдері.

Бұдан бөлек, күдіктілер пәтер мәселесі бойынша телефонмен хабарласпауға және хат жазбауға кеңес берген. Олар мұны «телефондар мен жазбалар тексеріледі» деп түсіндіріп, барлық мәселені тек жеке кездесуде талқылауды талап еткен.

Алайда арада екі жыл өтсе де, зейнеткерлер уәде етілген баспаналарын ала алмаған.

– Қазіргі уақытта полиция «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Жедел іздестіру шаралары барысында іске қатысы болуы мүмкін Астана қаласының екі тұрғыны анықталды, - деп хабарлады Полиция департаментінен.

Полиция қызметі азаматтарды күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды. Әсіресе нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан жылжымайтын мүлік ұсынылса, оның заңды құжаттарын мұқият тексеру қажет екенін ескертті. Сондай-ақ мәмілелерді тек ресми түрде рәсімдеу керектігі айтылды.

Айта кетейік, бұған дейін тұрғын үй нарығының жай-күйі және пәтер бағасы жайында жазғанбыз.