Сертификат немесе декларация құжаты маңызды
Елімізде Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменттері бар. Мұндағы мамандар санаулы болғанымен, олардың жұмысы ауқымды. Жыл сайын кәсіпорындарға, кәсіпкерлік нысандарына жоспарлы тексеру жүргізеді. Тағы бір бағыты — тұтынушылардың шағымы негізінде бұзушылықтарды анықтайды.
— Тұтынушылар шағымы eOtinish арқылы келіп түседі. Шағым түсірген кезде фото, видеосын қарап, құжаттарын тексереміз. Егер шағым дәлелін тапса басшылық прокуратураға жолдайды. Прокуратура рұқсат берген соң жоспардан тыс тексеру басталады. Биыл бірінші жартыжылдықта 98 бақылау жүргізілді. Оның ішінде 96-ында бұзушылық анықталды. Тағы бір айта кететін жайт, көбінде құжаттар негізінде шешім шығарылды. Біріншіден, бағалау құжаттары мүлде болмайды немесе нақты сол тауардың құжатын ұсына алмайды. Екіншіден, таңбалау талаптары сақталмайды. Яғни өндіруші, өнім және шағым қабылдайтын ұйым туралы ақпараты көрсетілмеген. Мәселен тұтынушы есік сатып алып, сапасына шағым түсірді. Тексеру барысында сәйкестікті бағалау құжаттары болмады. Таңбалау кезінде шағым қабылдайтын ұйым туралы ақпаратының көрсетілмегені анықталды. Бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл көлемі — 195 АЕК, — деді Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаментінің бас маманы-мемлекеттік инспекторы Нұрбек Муапық.
Бұл жағдайда мемлекеттік инспектор Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 145-бабына сүйенді.
Өңірде тұтынушылар көбіне құрылыс материалдарына шағым түсіреді. Сонымен бірге ойыншық, азық-түлік сапасына да сын бар.
— Департаментте кесте бойынша жүргізілетін тексеру де бар. Мәселен, биыл бензин сатып алып, бақылау жүргізілді. Негізінен инспекторлар eOtinish арқылы шағым түскенде ғана дүкендерді аралап, анықтау жұмысын жүргізеді. Бұл жағдайда да көбіне тұтынушы ұсынған құжаттарға, айғақтарға сүйенеді. Сонымен бірге тұтынушылар департаменттің Ақтөбе қаласындағы мекенжайына келіп, шағым жаза алады. Тексеру жүргізу өнім түріне қарай анықталады. Ол өнімге сертификат немесе декларация міндетті ме? Егер тізімде болса тауарды таңбалау талаптары орындалған ба? Осы сұрақтардың жауабы болуға тиіс. Бір айта кетерлік жайт, инспекторлар тауар бағасы арзан немесе қымбат деп бөлмейді. Міндетті түрде техникалық регламенттер мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қараймыз. Қымбат өнімнің құжаты түгел болмай, арзанында барлық талап сақталуы да ықтимал, — дейді ол.
Мемлекеттік инспектордың айтуынша, тұтынушы үш негізгі көрсеткішті естен шығармауға тиіс.
— Біріншіден, таңбалау. Өнімнің атауы, өндірушісі және шағым қабылдайтын мекенжайы. Екіншісі, сәйкестікті растайтын құжат. Егер өнімге сәйкестікті бағалау құжаты міндетті болса тұтынушы оның бар-жоғын сұрата алады. Үшіншісі, тауарды сатып алғанды растайтын түбіртек. Тұтынушы осы жағдайда құқығын қорғай алады, — деді Нұрбек Муапық.
Тұтынушы құқығы
Елімізде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы бар. Кейінгі кездері дәл осы заңға сүйеніп, шағым беретін адамдар көбейді. Олар шағымын облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолдай алады. Биыл 8 айда 1 636 шағым түскен. Былтырға қарағанда саны 37% артып отыр, яғни адамдар сатып алған тауары ұнамаса, көңілінен шықпаса кері қайтарады. Ал сатушы қабылдаудан бас тартса тұтынушы өз құқығын қорғайды. Жалпы 800-ден астам шағым шешімін тапты. Ал 220 адамға құқықтық көмек берілді. 351 шағым құзырлы мекемелерге жолданды. Сөйтіп 8 айда тұтынушыларға 44,5 миллион теңге кері қайтарылды.
— Шағымның көбі сауда саласына түсті. Бұл бағытта барлығы 541 шағым қаралды. Одан кейін тұрмыстық қызмет, электронды сауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық тамақтану орындарының қызметі тұр. Туристік, қаржылық қызмет пен байланыс, медицина, білім саласына шағым айтқандар да болды. Әсіресе электронды сауда саласында талас көп. Былтыр 236 шағым түссе, биыл 8 айда 303 шағым қаралды, — деді Ақтөбе облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Ақбота Жұмамұрат.
Жиі кездесетін бұзушылық:
- Тауарды 14 күн ішінде ауыстырып беруден немесе кері қайтарып алудан бас тартады;
- жөндеп бермейді немесе ауыстыруға қарсы болады;
- қызмет көрсетпесе немесе қызмет сапасы төмен болса ақысын кері қайтармайды;
- тауарды жеткізу мерзімін сақтамайды;
- сөреде басқа, кассада басқа баға көрсетіледі;
- тұтынушылардың шағымына жауап бермейді.
Биыл бұл талаптарды сақтамаған 9 ірі, 10 орта және 164 шағын кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға жалпы көлемі 5 млн теңге айыппұл салынды.
Өнім қауіпсіздігін зертханада тексереді
Тұтынушылардың құқығын қорғайтын тағы бір мекеме — Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті. Былтыр 557 тауар сынамасын сатып алып, зерттеді. Оның 25-і отандық, 136-ы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнімдері, ал 396-ы өзге елдерден әкелінген. Барлығы 52 тауарда таңбалау талабы сақталмады. Бәрі де импортталған тауар. Сөйтіп 293 дана тауар сатылымнан алынып тасталды.
— Биыл 8 айда 460 тауар сынамасы сатып алынып, зерттелді. Зерттеу нәтижесінде 460 сынаманың 83-інде, яғни 18 пайызында таңбалау талаптары сәйкес келмеді. Сатылымнан 6 тауар алынып тасталды. Бұзушылықтардың басым бөлігі ойыншық, жеңіл өнеркәсіп өнімдері және балалар мен жасөспірімдерге арналған киімдердің таңбалану талаптарына қатысты болды. Атап айтқанда, жекелеген өнімдерде Кеден одағының техникалық регламенттерінде көзделген міндетті ақпараттар, соның ішінде өндіруші елдің атауы мен мекенжайы, өнімнің шығарылған күні және Еуразиялық сәйкестік белгісі көрсетілмеген. Сонымен қатар, тауар туралы ақпараттар мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілмеген, — деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жансерік Құлманов.
Эпидемиолог маман да тауардың бағасы оның сапасының төмен немесе адам денсаулығына қауіпті екенін білдірмейтінін айтты. Бәрі де белгіленген санитариялық талаптар мен Кеден одағының техникалық регламенттерге сәйкестігіне байланысты анықталады.
— Тауардың қауіпсіздігін бағалау кезінде оның таңбалануы, өндіруші туралы мәліметтердің болуы, өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттары және зертханалық зерттеу нәтижелері ескеріледі. Мысалы, бақылау мақсатында өнімдер сынамалары сатып алынып, олардың белгіленген талаптарға сәйкестігі зертханалық жолмен тексеріледі. Зерттеу нәтижесінде өнімнің құрамындағы адам денсаулығына әсер етуі мүмкін көрсеткіштер, сондай-ақ техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес таңбалануы бағаланады. Балалар ойыншығын сатып алғанда оның жас ерекшелігіне сәйкестігін, ұсақ және оңай ажырайтын бөлшектерін, өткір қыры бар-жоғын назарға алу керек. Косметикада жарамдылық мерзімі, өндіруші туралы ақпарат және қолдану жөніндегі нұсқаулық көрсетілуге тиіс. Егер тауардың міндетті таңбалау талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, оның ішінде өндіруші туралы мәліметтер, құрамы, жарамдылық мерзімі немесе сақтау шарттары көрсетілмесе, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделеді. Яғни, өнімді айналымнан алып қоюға немесе өткізуден кері қайтарып алу бойынша жедел ден қою шаралары қолданылады, — деді Жансерік Құлманов.
Егер тауардың сапасына күмән болса, денсаулыққа кері әсерін байқаса тұтынушы аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне өтініш бере алады. Тауар туралы мәліметтерді, оның ішінде сатылған орнын, сатып алған күнін және түбіртекті, фото немесе бейнематериалдарды қоса ұсынады. Қажет болған жағдайда өнімнің қауіпсіздігі зертхана арқылы тексеріледі.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі. Жаңа талап өндірушілер, импорттаушылар және сауда орындарына қатысты болады. Тауарлар арнайы Data Matrix кодымен таңбаланып, олардың қозғалысы цифрлық жүйе арқылы қадағаланады.