Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жоғалған Мәдинаны іздеу жұмысы әлі жалғасып жатыр.
Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен жедел штабтың кезекті отырысы өтті.
Сағат 16:00-де баланы іздеу жұмыстары төрт бағытта жүріп жатыр: Жамбыл ауылы – Тобыл өзені, Алтын дала ауылы, Қостанай қаласы, Самир ауылы.
«Штаб отырысында егістікке шарларға байланған азық-түлік пен су қалдыру шешімі қабылданды. Бұл іздеушілер үшін белгі болмақ, - деп түсіндірді департаменттен. - Әр егістікте бұл процесті бақылайтын адамдар бар».
Сондай-ақ, әуеден бақылау жүргізу де жалғасып жатыр.
Кешкі сағат 6-дан кейін егістік алқаптар үстімен дельтапландар ұшады. Сәбиді іздеуге Рудный дельтаплан клубының нұсқаушылары көмекке келді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысында 7 тамызда үйінен шығып кеткен 5 жасар қыз іздестіріліп жатқаны хабарланған.
Іздеу жұмыстарына 500-ден астам полицей, тікұшақтар, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен шекарадағы әскери қызметкерлер жұмылдырылды.
Мыңдаған адам қызды Жамбыл ауылына іргелес егістік алқаптардан іздеп жатыр.
Фото: Қостанай облысының Полиция департаменті