Аса құнды Страдивари скрипкасын ұрлағандар қолға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та құны 5 млн доллар болатын Страдивари скрипкасын ұрлады деген күдікпен 3 адам ұсталды. Бұл туралы прокуратура өкілдері хабарлады.

1715 жылы жасалған аспап 27 қаңтарда Милуоки (Висконсин штаты) симфониялық оркестрінің концертмейстері Фрэнк Элмондтан ұрланған.

Оқиға оркестр өнер көрсеткен лютерандық колледждің көлік тұрағында орын алған. Қылмыскер Элмондты электрошокермен ұрып, скрипканы тартып алып, сыбайласы жүргізген көлікке отырып ізін суытқан.

Қолды болған аспап музыкалық ортада «Липинскийдің Страдивариі» деген атпен белгілі, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.