Аса ірі көлемде есірткі сатқан қазақстандық Ресейден экстрадицияланды

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Бас прокуратурасы сот үкімін орындау мақсатында Ресей Федерациясынан сотталған Қазақстан азаматын экстрадициялады.

Ол 2014 жылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша Павлодар қаласында аса ірі көлемде есірткі заттарын сатқан.

Полиция қызметкерлері оны 66 кг марихуана мен 8 кг гашишті одан әрі сату мақсатында тасымалдау кезінде ұстаған.

- Алайда 2015 жылы сот үкімімен ақталып шыққан. Кейін прокурордың наразылығы негізінде ақтау үкімінің күші жойылып, сот оған 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Сол уақыттан бері ол қылмыстық жазадан жалтарып, соттан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. 6 жылдан астам уақыт жасырынып жүрген, - деп жазды бақылаушы органнан.

2024 жылдың желтоқсанында іздеудегі адам Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша еліне экстрадицияланды.

Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жазасын өтеу үшін тиісті түзеу мекемесіне жіберілмек.

Айта кетейік, бұған дейін де жасөспірімге зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматы Ресейден жеткізілді.