Асан Дарбаев ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Асан Дарбаев ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Асан Дарбаев 1984 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Warwick университетін («Болашақ» бағдарламасының стипендиаты) тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында бастаған. Түрлі жылдары «Бәсекелі саясатты дамыту және қорғау орталығында», Алматы облысы бойынша Монополияға қарсы басқармада бәсекелестікті қорғау бөлімінің бас маманы, басшысы қызметтерін атқарған.
2013-2014 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінде Квазимемлекеттік сектор және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары, Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау департаментінің директорының орынбасары болды.
2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау басқармасын басқарды.
2015-2017 жылдары — ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасының орынбасары. 2017 жылдан бастап қазірге дейін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
2019 жылдың қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.
Бұған дейін хабарланғандай, Қызылорда облыстық табиғи ресурстар басқармасына жаңа басшы келді.