Әсел Қанай каратэден Премьер-лига турнирінде күміс алды

Фото: Фото: Қазақстан каратэ федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық каратэші Әсел Қанай Каирдағы Премьер-лига турнирінде табысты өнер көрсетті.

Әсел Қанай 61 келіге дейінгі салмақта финалға дейін жетті. 

Соңғы бәсекеде Украина өкілі Олександра Шолоховамен жекпе-жекке шықты.

Алдымен Әсел 2:0, 4:2 есебімен алға кетті. Алайда бұдан кейін украиналық спортшы таразы басын аудара білді – 9:5. 

Осылайша, Әсел Қанай Премьер-лига жарысында екінші рет күміс жүлдеге ие болды. Бұдан бұрын ол Парижде екінші, Ханчжоуда үшінші орынға көтерілген еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мөлдір Жаңбырбайдың каратэден Мысырдағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.