«Өздеріңіз білетіндей, Президент елордадағы өмір сапасына маңыз бере отырып, Астананы дамытуды тапсырған болатын. Сондықтан, бізде «20 қадам» деген арнайы бағдарлама жасалды. Оның екі бағыты бар. Олардың біріншісі өмір сапасы мен ортаның сапасы, екіншісі халық табысының өсімі. «20 қадамның бірі» - «Шетсіз қала» деп аталады», - дейді ол.
Әсет Исекешевтің айтуынша, қала бойынша 100 көше жөнделген. Оның 55-і тұрғын үй массивтерінде (шетінде - авт.) орналасқан.
«Демек, біз қаланың шеттеріне ендік. Биыл 91 көше салынып, жөнделеді. Олардың ішіндегі 70-і қала шетіндегі жолдар. Яғни, біздің алдағы екі жылдағы мақсатымыз - қала шеттерін толығымен асфальттау. Өздеріңіз білетіндей, келесі жыл ол жаққа газ жетеді. Ең алдымен Көктал-1, Көктал-2 және Оңтүстік-Шығысқа газ тартылады. Үшіншіден, жарық мәселесі осы жылы реттеледі. Төртіншіден, аялдамалар. Бесіншіден, ол жақтарда біз саябақтар мен қоғамдық-спорттық орталықтарды салуды көздеудеміз. Бұл біз үшін басымдық», - деді ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Қала басшысы сонымен бірге жолдардың сапасы туралы айтты.
«Біріншіден, жолдардың сапасын бақылайтын зертханалар ашылуда. Сонымен қатар, жол сапасын бақылайтын шетелдік мамандарды тартып жатырмыз. Ол жерде бірнеше себеп бар. Мердігерлердің жолды сапасыз салатын жағдайлар кездеседі. Технологиялық циклдың да бұзушылықтарымен бетпе-бет келеміз. Мәселен, жол төсеу үшін күндіз және түнде үш күні бойы ауа темперуатурасы 15 градус болып тұруы керек. Әйтпесе, асфальт бұзылады. Бізде бірақ ауа райы бұған жол бере бермейді. Сондықтан, біздің мердігерлерде кейде мәселелер туындап жатады», - дейді Әсет Исекешев.