Әсет Исекешев Астанаға газ тартудың мән-жайын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев елордаға газ тарту мерзімі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Астанаға газ тарту бойынша шешім қабылдауға жақындап қалдық. Осы бағытта көптеген экономикалық, оның ішінде логистикалық мәселелер пысықталды. Таяуда тиісті шешім қабылданады және осы тұрғыда оңтайлы нәтиже болады деген үміттеміз. Қазіргі кезде бірнеше нұсқалар қарастырылып жатыр. Маусым-шілдеде бұл мәселе бойынша кеңес өткізіледі деп күтудеміз»,-деді Исекешев Астана экономикалық форумы аясындағы сессия жұмысында.

Бұдан бөлек әкім бүгінде қоғамдық көліктер мен автомобильдерді газға ауыстыру жобалары басталғанын, қалада газбен қайта жабдықтау стансасы салынғанын атап өтті. «Назарбаев Университеті» газ есебінен жылыту жүйесіне көшеді.

Айта кетейік, бүгін басталған Астана экономикалық форумына 100 елден 4 мың делегат қатысуда. Олардың арасында саясаткерлер, экономистер, қаржылық институттар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.